Елімізде жүрек аурулары жасарып барады. Қазір 35-тен асқан жастардың арасында жүрегі сыр беретіндер жиі кездеседі. Сондықтан, Қазақстан Еуразия аумағындағы елдер ішінде жүрек-қан тамыры аурулары бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Серік Тәңірбергенов айтты деп жазады Baq.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын жүрек-қан тамыры ауруларынан 17 млн адам көз жұмады. Ал отандық мамандар дерттің соңғы 20 жылда елімізде де дендеп бара жатқанын айтады.
Мамандар дерегінше, жүрек және қан тамыры аурулары өлімге душар ететін дерттердің тізімін бастап тұр. Себебі, жастар дұрыс тамақтанбайды, адамдардың көбі жүрек және қан тамыры ауруларынан сақтану жолдарын білмейді.
Денсаулық сақтау саласындағы белді сарапшы, Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергеновтің айтуынша, жүрек-қан тамыры аурулары - елдегі өлім-жітімнің басты себепкері.
«Қазақстанда ауруханаға жату көрсеткіші жыл сайын артып отыр. 2016 жылы бұл көрсеткіш 2,8 миллионға дейін жеткен. Оның 70 пайызы ауруы асқынып, ішкі ағза жұмысының бұзылуына байланысты жеткізілгендер. Оған жыл сайын тіркелетін 7 млн жедел жәрдем шақыртуын қосыңыз. Ал, өлім-жітім құрылымына үңілетін болсақ, бізде қайғылы жағдайларға душар ететін сырқаттардың «үздік» бестігі бар. Олар: жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс жолдарының аурулары, онкология, жарақаттар мен ас қорыту жүйесінің сырқаттары. Отандастарымыздың өліміне себепші болатын осы сырқаттардың төртеуі - созылмалы аурулар. Дер кезінде анықтаса емдеуге болатын дерттер. Негізі, адам өмірін қиятындай сырқаттар емес. Өкінішке орай, дәрігерге уақтылы қаралмай, ауруын асқындыру салдарынан азаматтарымыз көз жұмып жатады», - дейді Серік Тәңірбергенов.
Мамандардың айтуынша, жүректегі ақауды кеуде қуысының ауыруы, өзін жайсыз сезіну, қол мен сол жақ иықтың ауыруы, шынтақ, жақ немесе арқада жағымсыз сезімнің пайда болуы, кейде беттің жансыздануы, бас айналып, дем жетпей, жүректің айнуы сынды факторлар арқылы аңғаруға болады.
Дәрігерлердің мәліметінше, жүрек сырқатына депрессия, жалғыздық, ұзақ отыру, қорылдау, денеге шамадан тыс салмақ түсіру, спирттік ішімдік пен темекі, тамақты, әсіресе тұзды тамақты шектен тыс жеу сынды зиянды әдеттер шалдықтырады. Сол себептен жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының алдын алу қажет.
«Жүрек ауруының алдын алу үшін жеміс-жидек пен көкөніс жеу керек. Диетаның да адам денсаулығы үшін маңызы зор. Күнделікті құрамында қанты бар сусындардың орнына қарапайым су ішіп, нан және ұн өнімдерін азайтқан дұрыс. Қант, май және калория көлемі жоғары азықтардың құнарлығы төмен болады. Майлы етті, сүтті тағамдар, консерві, шұжық, ірімшік, маринадталған тағамдар, балық, шоколад сияқты азықтарды көп тұтынбаңыз. Сонымен қатар, ашушаңдыққа бой алдырмай, таза ауада жүгіру керек. Салмақты бақылауда ұстап, артық салмақтан арылу қажет. Жүректі әр 6 ай сайын тексертіп тұруды да ұмытпаңыздар», - деп кеңес береді кардиолог мамандар.
Сарапшы Серік Тәңірбергенов аурудың алдын алу үшін әр адам өз денсаулығына деген қарым-қатынасын өзгертуі тиіс дейді.
«Тіпті, дені сау азаматтың өзі жылына кем дегенде бір рет дәрігерге қаралып, аурудың алдын алу шараларына көңіл бөлгені жөн. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде тексеруден тегін өтуге болады. Мысалы, флюорография, қан және несеп талдауларын тапсырып, қандағы холестерин мен қант мөлшерін, көз іші қысымын тексерту қажет. Егер қандай да бір ақау табылып жатса осы кепілдендірілген көмек шеңберінде тегін ем-дом қабылдауға болады. Өйткені, көптеген созылмалы сырқаттар аталған пакет шеңберінде тегін емделеді. Елдің бәрі осыны қолға алса, ұлт денсаулығы жақсаратыны анық», - дейді Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов.