Қыздар Университетінде «Дара» арт-галереясы ашылды

Мақсат – оқу орнының кәсіби қылқалам шеберлерінің еңбектерін кеңінен дәріптеу.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Дара» арт-галереясы ашылды. Шара Қазақстан жас ғалым-педагогтарының I республикалық Слетінің қарсаңында пайдалануға беріліп отыр, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының Баспасөз орталығы берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Арт-галереяның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, отандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен жас ғалымдар қатысты.

Мақсат – оқу орнының кәсіби қылқалам шеберлерінің еңбектерін кеңінен дәріптеу. Арт-галереяда Қыздар Университетінің Кәсіптік білім кафедрасының профессор-оқытушылары мен студенттерінің 20-дан астам картинасы қойылған.

Дара» атауына сәйкес, галереяға қойылған өнер туындылары ортақ идеяға бағынып, бір тақырыпты қаузайды. Ол – еліміздегі тек қыздар білім алатын бірден-бір жоғары оқу орнының өзіндік ерекшелігі, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, этнотақырыптар және туған елдің табиғаты. Тек бояу, стиль және жанры әртүрлі.

– Картиналар ілінген қабырғаларға жағалата көз салғаннан-ақ ашық түсті бояулардың жарқын, жайдары табы сезіліп, жаныңнан самал есіп өткендей болады. Көркем әдебиетте кездесетін шымыр оқиға, сәтті сюжет, қызықты баяндау, келісті ұйқас деп жататын тәсілдің бәрі бояу күшімен кенептің үстіне көшіп алғандай әсер береді. Қылқалам шеберінің жеткізгісі келген идеясы көңіл-күймен керемет сабақтасқан, – дейді шара ұйымдастырушылары.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: