Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Білім беру ресурстарын жаңғырту: тәжірибе және болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының баспасөз орталығы берген ақпаратқа сілтеме жасап.
«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Қыздар Университетінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған басқосуға қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен кітап баспаларының басшылары қатысты.
Конференцияны «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімова ашып, жүргізіп отырды.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова басқосудың мәні мен маңызы турасында баяндап, оның білім беру ресурстарын жаңғыртудағы рөлін кеңінен атап өтті.
– Әлемдік өркениеттің негізгі қозғаушы күші білім екені баршаға белгілі ақиқат. Ғылымға қол жеткізу, оның жетістіктерін қоғамдық өмірге, елдің игілігіне пайдалану, білімді де парасатты ұрпақ тәрбиелеу халқымыздың қашаннан бергі басты мақсаты болды. Бүгінгі бәсеке заманында ғылым мен технологияны жетілдірмей, шын мәнісінде тәуелсіз ел болу мүмкін емес. Өйткені, ғылым – адамзат өмірінің ең шешуші факторына айналып отыр. Елдің шаруашылығын, мәдениетін, оның қорғаныс қабілетін жан-жақты дамыған ғылым ғана қамтамасыз ете алады. «Жақсы оқулық – ұлттың игілігі, рухани құндылығы». Оқулық даярлау ісіне қазір ұлттық сипат, мемлекеттік маңыз беріліп отыр. Оқулық құрастыруда жаңа технологияны орынды пайдалану – студенттің жан-жақты құзыреттілігін дамытуға, шығармашылық, сыни ойлау қабілеттерін қалыптастыруға бағыт береді. Білім берудің ұлттық моделіне өту инновациялық педагогикалық технологияларды игеруді қажет етеді, ал инновациялық технология дегеніміз – педагогтың білімі мен білігі, зияткерлік қабілеті. Қазіргі жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының шарты – оқу процесі мен оған қажетті материалдарды үнемі жаңалау, жаңғырту, – деді Г. Алдамбергенова.
Сонымен қатар, конференцияның пленарлық мәжілісінде Англияның «Foxton books» баспасының басшысы Юсуф Вуз «Көптілді білім беру және ағылшын тілді оқулықтарда мәтінді деңгейлеп беру маңыздылығы», Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Жанбол Жылбаев «Білім беру мазмұнын жаңғырту – қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне жауап ретінде», Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Маханбет Джусупов «Кирилл әліпбиінің қызмет ету жағдайында латын әліпбиіне көшу», Венгрияның «Mozaik Education» баспасының бас директорының орынбасары Петер Торок «Mozabook» цифрлық білім беру платформасы» тақырыптарында баяндама жасады.
Конференция жұмысы «Заманауи білім беру ортасы және педагог кадрларды даярлау», «Білім мазмұнын жаңарту жағдайында білім беру ресурстарын әртараптандыру және оқу әдебиеттерін әзірлеу мен сапасын бағалаудың жаңа тәсілдемелері», «Білім беру ресурстарын цифрландыру – жаңа білім мен үздік білім беру тәжірибелерін меңгерудің даңғыл жолы», «Оқу әдебиеттерін латын әліпбиіне көшірудің әдістемелік мәселелері» және «Үш тілді оқыту жүйесіне көшу жағдайында оқу басылымдарын әзірлеу: тәжірибе және болашағы» атты секция жұмыстарында жалғасты. Онда оқулық авторлары тақырып төңірегінде өзіндік ойларын айтып, пайымды пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар, жиын шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары авторларымен қатысуымен дөңгелек үстел, шеберлік шыныптары өтті.