ОҚО-да соғыс ардагерлеріне автокөлік тарту етілді

Қатары күн санап азайып бара жатқан ардагерлерге мереке күні аудан басшысы Салыхан Полатов автокөлік мінгізді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан соғысқа 6 мыңдай азамат аттанған, деп хабарлайды Хабар 24.

Ал бүгінде олардың алтауы Жеңістің жетпіс үшінші көктемін қарсы алды. Қатары күн санап азайып бара жатқан ардагерлерге мереке күні аудан басшысы Салыхан Полатов автокөлік мінгізді. Аудан орталығы Шолаққорғандағы «Даңқ» саябағында жалпыхалықтық шеру өтті. Тұрғындар «Белгісіз сарбаз» ескерткішіне гүл шоғын қойып, құран бағыштады. Жеңіс тойы сондай-ақ орталық атшабарда бәйге, көкпар, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлерімен де жалғасын тапты. Мереке күндері ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен тыл ардагерлеріне де аудандық қазынадан қаржылай сыйлық табыс етілді.

– Ауданда осындай шешім қабылдап, 6 ардагерімізге бір-бір автокөлік сыйға тарттық. Соғыс кезінде тылда еңбек етіп, үлкен дәрежеге жеткен ардагерлерімізді де мерекесімен құттықтап жатырмыз, - деді Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов,

– Бұл соғыс оңайшылықпен болған жоқ. Оны тарихтан біліп жатқан шығарсыздар. Халықтың ынтымағы, бірлігінің арқасында үлкен жауды жеңіп шықтық. Менің айтарым соғыс болмасын. Елде бейбітшілік болсын, - деді соғыс ардагері Мырзахмет Жылысбаев.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: