Петропавлда дүкен сөрелеріндегі шұжықтардан рұқсат етілген нормадан артық антибиотиктер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік қоғамдық денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық сараптама орталығында жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша шұжықтардан левомицетиннің рұқсат етілген деңгейден асып кеткені анықталған.
«Тексеру барысында Орал қаласындағы «Агропродукт LTD» ЖШС жасап шығарған «МЯСОДЕЛ Уральсктің» сиыр етінен жасалған шұжығынан және «Добрый продукт» өнімдерінен антибиотиктің шектен тыс мөлшері табылды. «Омский бекон» АҚ компаниясының пісірілген құс етінен жасалған «ЗАРЕЧНАЯ» шұжығы техникалық регламентке сай емес», - деді Петропавл қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Ыбыраев.
Қауіпті өнімді жою туралы комиссия шешімі қабылданғанға дейін аталмыш шұжықтардың барлығы сатылымнан алынады.
«Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының базасында ветеринарлық бақылау, экология, қоғамдық ұйым мамандарының қатысуымен қауіпті өнімдерді жою бойынша комиссия өтті», - деді Е. Ыбыраев.
Барлығы 12 келі шұжық өнімі жойылды. Бұл өнімдер Петропавл қаласындағы ветеринарлық стансаның пешінде өртелді.