Сағынтаев: Қымбат көлік сатып аласыңдар, ал құтқарушыларға қажетті техникаға келгенде ақша жоқ

Әкімдіктер жыл сайын қымбат автокөлік сатып алады, ал орман, дала өртін сөндіруге, тасқын суға тойтарыс беруге қажетті техниканы алуға келгенде ақша болмай қалады.

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкіметтің кезекті отырысында орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға тапсырмалар берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Құрметті әріптестер, биыл, министр Қ. Қасымов айтып кеткендей, Қазгидрометтің болжамы бойынша республиканың бірқатар облысында жаз маусымында ауа температурасы нормадан жоғары болады деп болжануда. Сол себепті өрттің алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет", - деді ол.

Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді.

"Ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму министрліктеріне, облыстар мен Астана, Алматы қалаларының әкімдіктеріне бірлесіп табиғат қорғау және орман мекемелерінің өрт сөндіру және техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру бойынша щаралар қабылдауды тапсырамын. Жаңа баяндамаларда айтылды, облыстарда жұмыс жүріп жатыр, дегенмен де техникамен қамтамасыз ету деңгейі әлі де төмен", — деді премьер-министр.

Сонымен бірге Б.Сағынтаев материалдық-техникалық жабдықтауға арналған қаражат туралы өтініштерді атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ол су тасқынына қарсы іс-қимыл кезінде құтқарушыларды құрал-жабдықтар, қажетті техникалармен қамтамасыз ету үшін 2 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын.

"Біз БАҚ беттерінен оқып отырамыз, әкімдіктер жыл сайын қымбат автокөлік сатып алады, ал орман, дала өртін сөндіруге, тасқын суға тойтарыс беруге қажетті техниканы алуға келгенде ақша болмай қалады. Сол себепті құрметті әріптестер, осы мәселеге баса назар аударуды сұраймын. Бастапқыда қажетті құжаттарды, қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөліңіздер. Кейін артық ақша қалып жатса, қалғанын ала жатарсыздар. Әкімдіктер мен ішкі ішкі істер министрлігі балалардың сауықтыру лагерлерінің, санаторийлер мен демалыс аймақтарының өрт қауіпсіздігіне баса назар аудару керек", - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орман-дала өрттерін алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын сапалы жүзеге асыруы тиіс екенін айтты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: