Алматы облысында тауға демалуға шыққан ресейлік туристерді құтқару жұмыстары қолға алынды. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім еткендей, олардың бірі мерт болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Белгілі болып отырғандай, сегіз турист - Ресей Федерациясының азаматтары. Жүзу жабдығымен таулы аймақтағы Ақсу өзенімен қозғалған олардың бірі суға батып кеткен.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, туристер Алматы облысындағы жедел-құтқару жасағының ресми тіркеуінен өтпеген. Қазіргі уақытта туристерді аңғардан жоғары шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Хабарлама 10 маусым күні кешкі сағат сегізден кейін түсті. Құтқарушылар шақырылған орынға бірден шықты», - деп атап өтті ресми өкіл.
Қайғылы жағдай Талдықорған қаласынан 120 шақырым жерде тіркелген. Құтқарушылар Ақсу ауданына түнгі сағат бірде ғана жеткен.
«Құтқарушылардың жұмысына таулы аймақта қозғалудың күрделілігі мен байланыстың жоқтығы кедергі келтіруде», - деді Р.Иманқұлов.
Құтқарушылар туристерге таулы аймаққа шыққан кезде міндетті түрде ресми инстанцияларға - ТЖ комитетінің аумақтық бөлімшесінің жедел-құтқару отрядына хабар беру керектігін ескертеді.