Жыл басынан бері Ақмола облысында мыңдаған әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полицияға шағым түсірген деп жазады Хабар 24 арнасы.
Өңірде отбасылық дау-дамайға қатысты 1,5 мың қорғау жарлығы толтырылып, 467 адам жауапқа тартылған.
Енді Бурабайда да тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған қолдау орталығы ашылды.
Бұл – өңірдегі үшінші кешен. Мұндағылар кез келген облыс тұрғынын қабылдауға дайын. Ол үшін қамқорлық органдары не тікелей полиция арқылы өтініш білдіруге болады.
Анар Рысбаева, Бурабай аудандық ІІБ аға инспекторы: - Бұл курорт емес, әлеуметтік қолдау орталығы. Сондықтан мемлекет тарапынан ұсынылған арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетеміз. Мұнда келген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны саналады. Онымен келісім жасалады. Құжаттары жоқ болса, біз қайта жасап береміз, білімі болмаса, кәсіп алуына жәрдем етеміз. Анастасия Аткина, Шучинск қаласындағы еріктілер тобының өкілі: - Біз балалардың киімдерін алып келдік, ендігіде азық-түлік, киім-кешек, басқа да қажеттіліктермен қолымыздан келгенше көмектесеміз.