Жамбыл облысында куәгерлер торнадоны видеоға түсіріп алды

Бұл жерлерге таңсық табиғат құбылысын түсіру барысында ер адам қатты таңырқады.

Бүгін Instagram әлеуметтік желісінде торнадо түсіріліп алынған видео пайда болды. Видеоролик жарияланған желіде оқиға Тараздағы "Ауыл Береке" базарында болғаны жазылған, деп хабарлайды BNews.kz.

"10 маусымда ауа райы болжамына сәйкес, батыс, солтүстік-батыстан екпіні 9-14 м/с жел соқты. Осындай екпінмен соққан желдің салдарынан мұндай табиғи құбылыс болуы ықтимал, сондай-ақ "Ауыл Береке" базары шөлді жерде орналасқан. Оның қауіпті емес екендігін айта кеткен жөн. Аталған құбылыстың салдарынан ешбір адам зардап шеккен жоқ", - деп хабарлады Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінде.

Айта кетейік, Жамбыл облысында жиі қатты жел соғып, дауыл болып тұрады. Мұндай табиғи құбылыстардың салдарынан ғимараттардың шатырлары, тіпті кейде жануарлар да ұшып кетеді. 2016 жылдың қараша айында болған дауылдан бағдаршамдар істен шығып, жол қозғалысы бұзылған болатын. 30-дан астам адам ауруханаға жеткізілген. Олардың үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған. Әсіресе, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғимараты зардап шеккен. Екпіні күшті соққан жел ғимарат шатырының жалпы 2000 шаршы метр аумағы ұшып кеткен.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: