Шымкент қаласында жаңа оқу жылында жаңа 5 мектеп ашылмақ. Миллион тұрғыны бар шаһарда бүгінде 10 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Тағы екі мектептің құрылысын бастау үшін тиісті құжаттары дайындалуда. Қыркүйек айында пайдалануға берілетін мектептердің құрылыс барысы қарқында жүргізілуде деп жазады otyrar.kz.
Жаңа мектептің бірі «Шаңырақ» шағынауданының балғындарына бұйырмақ. Тұрғындарының басым бөлігі өзге елдерден көшіп келген қандастарымыз. Олардың ұл-қыздары бірнеше жылдан бері өзге білім ошақтарына қатынап оқитын. Алдағы қыркүйек айында 600 орындық мектепке барады деп ниеттеніп отыр. Мердігерлер бүгінде нысан құрылысының 85 пайызын аяқтадық деп отыр. Тек қаражат мәселесі қолбайлау болып тұрғанын жасырмады.
Мектептің құрлысы 2017 жылдың қазан айында басталған. 3 гектар алқапты алып жатқан білім ошағын көтеруге 1 млрд.-қа жуық қаражат қаралған. Сала мамандарының айтуынша, білім нысаны 2019 жылға өтпелі саналады. Бір қуанарлығы, бұл мектепте мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін де жағдай жасалып жатыр. Жеделсаты мен арнайы әжетхана бөлек салынуда.
Құрылыс жұмыстары 2019 жылға өтпелі саналатын тағы бір мектеп Әкімшілік іскерлік орталығында бой көтеруде. 1200 орындық білім ошағының құны 1 млрд. 600 млн. теңгеге бағаланған. Биыл 1 млрд 300 млн. теңге игеріледі деп жоспарланған. Осы бағдарламалар іске асса, 2019 жылы Шымкент қаласында үш ауысымда білім беру мәселесі түбегейлі шешіледі, дейді білім бөліміндегілер.
Нұрлан Күдерұлы