Алуан ұлттың баласын бауырына басып, шұғылалы шаңырақтың астына топтастырған мейірбан Қазақ елі – алтын бесік болса, Есіл жағасындағы еңселі елорда – алтын қазық. Бүгінде бас қала ретінде бой түзегеніне небәрі 20 жыл толып отырған Астана қаласы бірнеше ұлт өкілдерінің үмітін үкілеп, арманын аялаған қала. Осыған орай Маңғыстау өңірі ынтымақтың ұйытқысы болған елорданың тойына Ассамблея өкілдеріне арнап «Достық» үйі ғимаратын сыйға тартпақ деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Астананың 20 жылдық мерейтойына әр өңір өз үлестерін қосуда. Бұл – елорданың айбыны мен абыройы елдік мерейге айналғандығының айғағы. Бұдан он жыл бұрын да қолға алынған іс дәстүрлі сипат алып, жиырма жылдықта жалғасын тапты.
Еліміздің барлық аймақтарында – облыс орталықтарында ашылған «Достық» үйі күні бүгінге дейін Астана қаласында жоқ болатын. Бұл олқылықтың орнын маңғыстаулықтар толтырып, Бауыржан Момышұлы көшесі бойында тұрған көне Неке сарайын қайта жаңғыртып, «Достық» үйі ретінде ұсынбақ. Үш қабатты ғимарат 4900 шаршы метр аумаққа орналасқан. Келушілер үшін 60 көлік орны, қызметкерлер үшін арнайы 13 көлік орны жасақталып, жан-жағы абаттандырылып, көгалдандырылды. Ғимараттың бірінші қабатында би залы, асхана, студия орналасса, екінші, үшінші қабаттарда акт залы, кітапхана, киім бөлмесі, мұражай, конференц зал орналасқан.
«Достық-Қазақстан» мекемесінің тапсырысымен, «MediArtGroup» ЖШС жобалауымен «СК «АлатауИнжСтрой» ЖШС жүзеге асырған құрылыс-жөндеу жұмыстарына 50-ге тарта адам жұмылды. «Достық» үйінің жұмыстары қазір толық аяқталып, Астана қаласының мерейтойына тапсырылатын салтанатты сәтті күтуде.
– Астана мерейтойы – елге ортақ мереке. Той шашусыз болмайтыны белгілі. Еліміздің әрбір өңірінің елордаға сый жасауы – Астананың ажарын асырып, қажеттілігіне қолдау беретін жақсы бастама. Бұдан он жыл бұрын «Нұр Астана» мешітін жөндеп, жан-жағын абаттандырып сыйға тартқан Маңғыстау облысы биыл «Достық» үйін салуды құп көрді. Біздің сыйымыз астаналықтарға ұнайды деп ойлаймыз, дейді Маңғыстау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бейсенғали Кенжалиев.
Гүлайым Шынтемірқызы