Риддердегі атышулы оқиғаға қатысты сот үкім шығарды

Заң жүзінде прокурор сұратқан бес жыл — осы қылмыс бойынша жаза мөлшерінің ең жоғарғы шегі.

Кеше Риддер қалалық сотында Бауыржан Құрманбаевтың ісіне қатысты сот отырысы жалғасқан еді. Жарыс сөздерде прокуратура тарабы соттан бес жыл бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Себебі, айыпталушы Құрманбаев мырза мемлекеттік қызметкер болып табылады. Заң жүзінде прокурор сұратқан бес жыл — осы қылмыс бойынша жаза мөлшерінің ең жоғарғы шегі.

Естеріңізге сала кетсек, 15 сәуір күні Риддердегі Айдарханов көшесі, 8 үйдің тұсында қала әкімінің енді бұрыңғы орынбасары Бауыржан Құрманбаев мас күйінде 19 жастағы Евгений Смольниковты жеке көлігімен қағып өлтірген болатын. Тергеу анықтағандай, жол апаты кезінде көліктің жылдамдығы сағатына 88 шақырым болған. Прокуратура лауазымды тұлғаны өз әрекетімен мемлекеттік органдардың, биліктің беделіне нұқсан келтірді деп санайды.

Қаза болған жігіттің әкесі Виктор Смольников баласының өліміне кінәлі шенеунікті кешіретінін айтып, соттан оның отбасы үшін бас бостандығынан айырмауды сұраған еді.

Ал айыпталушы тараптың қорғаушысы Бауыржан Құрманбаевтың 20 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызмет атқарғанын, сондай-ақ, қатаң жаза тағайындаған жағдайда бір отбасының қайғысы екінші отбасының қайғысына айналатынын алға тартты.

Сонымен қатар, айыпталушының әкесі өкпенің қатерлі ісігімен ауыратынын да айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот отырысына Құрманбаевтың жұбайы да қатысып, кешірім берген Смольниковтар отбасына алғысын білдіріп өтті.

Айта кетсек, Құрманбаевтың 16 жастағы қызы мен 7 жастағы ұлы бар екен.

Сот үкімі бүгін таңертең бірақ шығарылып отыр. Сот Бауыржан Құрманбаевқа бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ол 158 000 теңге көлемінде мемлекеттік сараптамаларға кеткен сот шығындарды өтейтін болады. Жаза мерзімі қамауға алынған күннен бастап есептеледі, яғни 16 сәуірден. Бұрыңғы шенеунік жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Сот үкім жариялаған отырысқа Евгенийдің әкесі Виктор Смольников қатыспады. Ол ғимараттың сыртында күтіп жүрді. БАҚ өкілдеріне сот үкіміне қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Дереккөзі: altaynews.kz

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: