Павлодарда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ертіс өңірінен шыққан белгілі тұлғалардың домбыралары қойылған зал ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен облыс әкімінің орынбасары Әлия Арыноваға зал бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Жергілікті белгілі айтыскер Қуанышбек Шарманов Ұлттық домбыра күніне арналған арнау орындады. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ербол Қайыровтың айтуынша, көрмеге Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың домбырасы алғашқы рет қойылып отыр.
- Бұл қос ішекті ұлттық аспапты жазушының жұбайы Шәпу апамыздан арнайы барып сұрап алдық, - дейді Ербол Қайыров. - Мұзафар Әлімбаевтың төрінде осы және бала, қырғыз домбырасы ілініп тұрған екен. Ақын шабыты келіп өлең шығаратын кезде үнемі қолына домбырасын алып ойнаған. Ұлттық домбыра күні ерекше мереке, себебі, домбыраның пернесінде қазақтың салт-дәстүрі мен тарихы, мұңы мен зары жатыр.
Бөлім меңгерушісі айтулы күннің күнтізбеден алар орны ерекше екенін атап өтті.
Тумайды жұртын ақын жылатуға, Туады жүректерді нұрлантуға. Өлеңін орамал ғып өтеді олар, Көз жасын адамзаттың құрғатуға, деп ақын бекер жырламаса керек. Бұл залда биылғы жылы ел тәуелсіздігінің құрметіне орай 27 домбыра қойылған.
Оның ішінде кезінде қазақ аспаптарының атасы Қамар Қасымов жасап сыйға тартқан Нұфтолла Шәкеновтың, бала кезінде Естайдың алдында тұрып ән шырқаған Қабдыкәрім Ыдырысовтың, Дихан Әбілов пен Байғабыл Жылқыбаевтың домбыраларын көруге болады.
Сонымен қатар, Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайынан Қаныш Сәтбаевтың, Естай Беркімбаевтың домбыралары және Құдайберген Әлсейітовтың бүктемелі домбырасы әкелінген. Қалғаны музей қорынан алынған.
Ақын-жазушылардың өмір сүрген заманынан сырт шертетін аспаптардың өзіндік тарихы бар. Мәселен, Қаукен Кенжетаевтың «Аққулы» деп аталатын домбырасының өткеннен алар орны зор. Театр режиссері «Қыз Жібек пен Төлеген» фильмінде қос аққуды Нұрғисса Тілендиевтің «Аққу» күйімен билеткен.
Сол фильмде Базарбайдың рөлін ойнаған ол кино біткеннен кейін осы домбыраны арнайы тапсырыспен жасатқан. 1990 жылдан бастап домбыра және қыл қобыз, прима қобыз, жетіген, үш ішекті домра (орыс халқының ұлттық аспабы) сынды аспаптар мен қабын жасаумен айналысып келе жатқан қолөнерші Қуандық Баязит де домбыра жасаудың қыр-сырымен бөлісті.
- 30 жылға жуық уақыттың ішінде миллионға жуық домбыра жасаған шығармын, - деп күледі Қуандық Баязит. - Зейнеткерлікке шыққаннан бері осы өнерге ден қойдым. Сыртындағы қаптамасы мен оюын өзім оямын. Шеберханам бар. Қасымда балаларым көмектеседі. Соңғы кездері домбыра жасайтындар көбейді.
2000 жылдары Астанаға сатуға жиі алып баратынмын. Көбінесе қызыл ағаш қолданатынмын. Бірақ қазір қолға түсе қоймайды. Сондықтан қайың мен теректен жасаймын. Қолөнерші жас буынға ұлттық өнерді үйретуге әрдайым дайын екенін айтады.
Ақбота Сейсенбаева