Бүгін, 3 шілдеде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Жылыой аудандық мәслихат депутаттарына Алимұхаммед Құттымұратұлының басқа жұмысқа ауысуына байланысты жаңа аудан әкімінің кандидатурасын ұсынды деп жазады zakon.kz.
Ол – бұрын Атырау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған Азамат Бекет.
Аймақ басшысы кандидатурасы ҚР Президент әкімшілігімен келісілген Азамат Бекеттің ұзақ жылғы еңбек өтілі бар екенін атап өтті. Облыс басшысы бұған дейін өмірде, қызметте жинаған тәжірибесі жаңа әкімге жүктелген міндеттерді лайықты атқаруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Депутаттар жаңа әкімнің кандидатурасын қолдады.
Азамат Бекет – жоғары білімді, Қазақ мемлекеттік-құқықтық университетін (құқықтану), Экономика және құқық академиясын (қаржы) бітірген. Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарында еңбек еткен.
2004-2013 ж.ж. ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде қаржы полициясы болып қызмет атқарған. Астана, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменттерінде еңбек етті, дәрежесі – қаржы полициясы.
2013-2016 жылдары Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болды.
2016 жылдың 11 мамырынан бүгінге дейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымын атқарды.