Астанада дүкен сөрелерінен 900 келіден астам жарамсыз азық-түлік тәркіленді

Өнімдердегі ең көп сәйкессіздік кондитерлік өнімдерден анықталды: 167 тексеру сынамасының 69-ы талапқа сай болмаса, 39-ында дайындалған күні мен сақтау шарттары көрсетілмеген болып шықты.

Астанада мерзімі өтіп кеткен азық-түлік өнімдерін сатқаны үшін кәсіпкерлерге 3 млн. 631550 теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды Елорда Инфо Астана қаласының Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне сілтеме жасап.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің 2018 жылдың 6 айының қорытындысын шығарды. Осы аралықта 66 сауда нысанынан 1623 өнімнің сынамасы алынды. Санитарлық-эпидемиологиялық зерттеудің нәтижесі бойынша өнімдердің 366 (23%) ЕЭО талаптарына сай келмейтіні анықталды. Оның ішінде 204 сынама маркировкамен, 81 сынама тұтынушыны алдау, 54 сынама микробиологиялық көрсеткішпен және 30 сынама санитарлық-химиялық көрсеткіштермен байланысты.

Өнімдердегі ең көп сәйкессіздік кондитерлік өнімдерден анықталды: 167 тексеру сынамасының 69-ы талапқа сай болмаса, 39-ында дайындалған күні мен сақтау шарттары көрсетілмеген болып шықты.

«Департамент жүргізген зерханалық зерттеудің нәтижесінде 32 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 40 ескерту беріліп, 54 әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық сипаттағы бұзушылықтар үшін 27 айыппұл салынып, азық-түліктің қауіпсіздігін растайтын құжат болмағандықтан іс мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды», - делінген департаменттің хабарламасында.

Сот берілген ескертуді орындамаған екі нысанның жұмысын уақытша тоқтату туралы үкім шығарды.

«Сот шешімімен 3 млн. 631550 теңгеге айыппұл салынып, дүкен сөрелерінен 974 келі өнім жеткізушілерге қайратылды. Осы орайда, Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті тұтынушыларды азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде мұқият болуға шақырады», - деді ведомтсвода.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: