Ақтөбеліктер Абат-Байтақ кесенесінің маңына адам жерлеуді доғарар емес

Облыстық тарихи мұраларды зерттеу, қорғау және қалпына келтіру мекемесінің директоры Аслан Мамедов бұл жайттың растығын мойындады.

Тарихи мұраларды қорғау инспекциясы киелі жерді мемлекеттің қорғауына алып, айналасын қоршап қойса да, тұрғындар сонда жерлеу рәсімдерін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

«Қазконтент» АҚ директоры Алтынбек Құмырзақұлы Ақтөбеге келген сәтінде Абат-Байтақ қорымына барып, сондағы жайтқа көңілі толмады. Оның сөзінше, киелі жердің айналасында жаңа жерленген адамдардың зираттары бар.

«Неге осы маңнан жерлеуге рұқсат бересіздер? Заңда талаптар көрсетілмеген бе? Тұрғындарға айтып, неге ескертпейсіздер?» деп ауыл әкімінен сұрадым. Ол «біз ондай нәрсені білмейміз ғой» деп отыр. Өткен жылы Маңғыстау облысында киелі жерде зираттар қою мәселесі бойынша үлкен дау-жанжал шықты. Адам өлтіруге дейін барған. Осындай мәселенің алдын алу керек», — деді Алтынбек Құмырзақұлы.

Облыстық тарихи мұраларды зерттеу, қорғау және қалпына келтіру мекемесінің директоры Аслан Мамедов бұл жайттың растығын мойындады. Оның айтуынша, Абат-Байтақ қорымына арнайы тақтайша да қойылды, алаңы қоршауға да алынды. Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін соның маңында адам жерлеуді доғарар емес.

«Әкімшілікке де хат жаздық. Жергілікті Талдысай елді мекенінің тұрғындарымен де түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тарихи және мәдени мұраларды қорғау заңына сәйкес, талаптар орындалуы керек деп ескерттік. Былтыр сол қорымды қоршадық. Сонда да жерлеп кете береді», — деді Аслан Мамедов.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: