Хабарсыз кеткен жауынгердің жерленген жері 75 жылдан кейін табылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлікпен қаза болған жерлесіміздің зиратын ресейлік іздеушілер тауып, Қазақстанға хабар жібереді. Бұл туралы zakon.kz, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Батырдың ұрпағына жауынгердің медальоны салтанатты түрде табысталды.
Владимир Калугин көз жасын жасыра алар емес. 75 жылдан кейін ол атасының ерлікпен қаза болғанын білді. Ресейлік іздеушілер кезекті қазба жұмыстары кезінде жауынгердің қабірін тауып еліне хабар береді.
Владимир Калугин, жауынгердің немересі: – Алғаш білгенде есеңгіреп қалғанымыз рас. Ағам екеуміз шыны керек көз жасымызды жасыра алмадық. Осынша жылдан кейін бабамыздың жерленген жерін біліп отырмыз. Бұл біздің әулет үшін үлкен оқиға.
Данил Калугин майданға 37 жасында аттанады. 164-атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. 42–нің тамызында Тверь облысының Болотино ауылы маңында кеңес әскері мен фашистер арасында қиян-кескі ұрыс болады. Сол жолы екі жақтан да солдаттар қырылады. Алайда біздің әскерлер жаудың тегеурінді шабуылын тойтарып, өліспей беріспеуге бел буған.
Соғыстан кейін Данил Кулагиннің отбасы қолындағы там-тұм ақпаратпен ғаламтор арқылы аталарын іздеп көреді. Алайда әрекеттері нәтижесіз еді. Ол із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған. Өткен жылдың көктемінде жауынгердің мүрдесі табылып, батырға лайық құрметпен жергілікті зиратта жерленді. Ал онымен бірге табылған жауынгерлік медальон бүгін ұрпағына табысталды.
Марат Есенов, Астана қаласы қорғаныс департаменті басшысының міндетін атқарушы:– Мұндай медальон әрбір жауынгерге берілген. Онда ол туралы барлық мәлімет жазылған. Қайдан қай уақытта әскерге шақырылғаны көрсетіледі. Біз бүгін сол құжатты өскелең ұрпақ алдында батырдың отбасына табыстадық.
Енді бұл медальон отбасы құндылығы дейді майдангердің немересі. Жақын күндері атасының зиратына барып тағзым етуді де жоспарлап қойған. Осындай оқиғалардан кейін ерлердің аты өшпейтінін уақыттың өзі дәлелдеп отырғандай.