Өскеменде оқушылар мектепке бару үшін пойыз вагондарының астынан өтуге мәжбүр

Өзге тұрғындар да осы қиындықпен өмір сүріп жатыр.

Өскемендегі шағын ауданда тұратын балалар мектепке бару үшін күн сайын пойыз вагондарының астынан өтуге мәжбүр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

№6 орта мектептің оқушылары жаңа оқу жылын ескі қиындықпен бастады. Онысыз да қауіп-қатерге толы теміржолды кесіп өтеді олар. Пойыз келгенше үлгерсе, әрине. Ал пойыз келіп қойса, ақ көйлегін кірлетіп, вагондардың астынан өтеді, әйтпегендер сабаққа кешігеді.

– Бір жолы мектепке бара жатып, дәл бүгінгідей вагондардың астынан өттім. Барған соң қарасам, көйлегімді кірлетіп алған екенмін. Арқам тура қап-қара май. Сыныпқа кіре алмай, қайтып кеттім, – дейді №6 мектептің оқушысы Денис Енин.

– Әрине, балалардың қауіпсіздігі мектеп үшін бәрінен маңызды. Бірақ қолдан келер қайран жоқ, – дейді №6 мектептің директоры Гүлжан Мамежанова.

Өзге тұрғындар да осы қиындықпен өмір сүріп жатыр. Еңкейген қариядан тартып, күн сайын еңбектеуге мәжбүр. Өйткені дүкенге, аялдамаға қатынайтын басқа жол жоқ.

– Міне, көріп тұрғандарыңыздай, жүретін жол жоқ. Қарлығаш емеспіз, ұша алмаймыз. Қайта-қайта еңбектеп жүруіміз керек. Қыс келсе, еңбектейтін де жағдай болмай қалады, – дейді шағын ауданның тұрғыны Ринат Мұстафин.

Тұрғындар көпір салып берсе деген тілек айтып отыр. Ал баласының өмірі үшін алаң болған ата-ана ең болмаса, үйден мектепке дейін оқушыларды автобус тасымалдау ісі қолға алынса дейді. Бұл ұсынысты мектеп мұғалімдері де қолдап отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: