Алматы облысының кадеттері тұрғындарды отбасы құндылықтарын ардақтауға шақырды

Кадеттер тұрғындарға дағдарыс орталығының сенім телефондары көрсетілген брошюралар таратты, оқушылармен түрлі тақырыптарда әңгімелесулер жүргізіп, тәртіпті бұзбаудың қажеттілігі мен оның салдары туралы түсіндірді.

Алматы облысы ІІД Жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен 24 қыркүйек күні Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығында «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» атты іс-шара өтті. Отбасылық құндылықтарды құрмет тұтуды насихаттаған акцияға аудандық кадет сыныбы, қоғамдық бірлестіктер, білім, денсаулық, ішкі істер бөлімдерінің өкілдері мен тұрғындар қатысты,- деп хабарлайды zakon.kz, облыстық полицияның Баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Іс-шара барысында жергілікті 17-орта мектептің 5 және 6 сынып оқушылары «Бақытты отбасы!» тақырыбында суреттер салып, бала қиялындағы бақыт пен шаттықтың мекені болған отбасы туралы ойларын қылқаламмен қағазға бейнеледі.

Сондай-ақ, тұрғындардың назарына осы тақырыпта әзірленген бейнероликтер ұсынылып, отбасындағы зорлық-зомбылық болған жағдайда, қандай көмектер көрсетілетіні туралы ақпараттар берілді.

«Бір күндік ұрыс қырық күндік берекені алады деген нақыл бар. Іс-шара мақсаты – отбасы құндылығын насихаттау, салауатты ұрпақ тәрбиелеуді басты назарда ұстау. Жанжал болған үйлерде ересек адамдар балалардың психологиясының бұзылатынын ескермейді. Полиция тарапынан ұйымдастырлатын іс-шараларға кадеттер белсенді атсалысады. Бүгін де полиция кадеттері мәні зор акцияға қатысып, өздерінің сүбелі үлесін қосуда. Балалардың көзқарасындағы бақытты отбасының қандай болатынын көрсету арқылы біз тұрғындарға ой салуға тырыстық. Құқық бұзушылықтардың алдын алуды насихаттадық. Отбасында зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қандай әрекеттер жасау керек екені түсіндірілді, құқықтық түсіндір жұмыстары жүргізілді»,- деді Іле АІІБ Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы полиция майоры Д. Талимжанова.

Айта кетейік, тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сәйкес, Іле ауданында жыл басынан бері тұрмыстық қатынастар аясында жасалған қылмыс пен құқықбұзушылыққа тап болған 9 әйел адам хабарласып, Дағдарыс орталығында оларға жан-жақты көмек көрсетілген.

Іс-шара соңында кадеттер тұрғындарға дағдарыс орталығының сенім телефондары көрсетілген брошюралар таратты, оқушылармен түрлі тақырыптарда әңгімелесулер жүргізіп, тәртіпті бұзбаудың қажеттілігі мен оның салдары туралы түсіндірді. Ал, лауазымды тұлғалар сұрақтарға жауап беріп, азаматтарға қабылдау өткізді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: