Қытайдан оралған қандасымыз бір жарым жыл бойы тиісті құжатын ала алмай жүргенін айтады. Көші-қон басқармасы қызметкерлерінің қателігінен төлқұжат әлі күнге дейін қолына тимеген. Ал оны мойындаған Алматы облысындағы басқарма өкілдері қателіктерін түзетуге әлі асықпай отырған көрінеді. Бұл туралы stan.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме беріп хабарлайды.
6 жыл бұрын елге оралған Қытай азаматы Ұлан Бекен азаматтық ала алмай, әкімшіліктегілердің есігін талай қаққанын айтады. Құжаттарды тапсырып, өтініш білдіргелі бір жарым жыл болған екен. Алайда, 3 айда дайын болуы тиіс төлқұжат көші-қон басқармасындағы жауапты мамандардың жіберген қателігінен әлі күнге дейін қолына тимепті.
«Компьютерге кіргізген кезде менің төлқұжатыма басқа біреудің төлқұжат нөмірін кіргізіп жіберген. Сонымен қателік кеткен. Оны ҰҚК мойындамай қойған, бар тартқан. Қателіктердің бәрін өзіміз түзеп береміз деген. «Ертең кел, бүрсігүні кел», – дейді. Сонымен созып жүр ғой, міне”, – дейді Ескелді ауданының тұрғыны Ұлан Бекен.
Көші-қон басқармасындағылар құжатты рәсімдеу барысында қате кеткенін мойындайды. Қазір аталған іске қатысты қызметтік тексеріс те бастап кеткен екен. Ал жауапты маманның салғырттығын басқарма басшысының өзі түзейтінін жеткізді.
“Бұл мәселені өзімнің жеке бақылауыма алып, жақын арада, 10 күннің ішінде мына азаматқа тиісті жауабын береміз”, – дейді облыстық ІІД көші-қон басқармасының басшысы Ержан Алтаев.
Азаматтық алу туралы өтінішті Қытай азаматы отбасымен бірге берген екен. Алайда, жұбайы мен екі қызының құжаттары ғана уақытында дайын болған. Жауаптылардың салғырттығынан отбасы мемлекеттің тиісті төлемдерінен де қағылып келген көрінеді.
“Бір нөмірінен қате кеткені үшін азаматтығы берілмей жатыр. Соның себебінен балалардың тиісті төлемақысын ала алмадық”, – дейді Ескелді ауданының тұрғыны Анаргүл Тоқтамұрат.
Қазір Қытай азаматы елімізде ыхтияр хатпен жүр. Оның мерзімі келер жылдың мамыр айында аяқталады. Оған дейін азаматтық ала алмаса сол жаққа қайтуы тиіс. Қытайдағы қазіргі саяси жағдай тұрақсыз болғандықтан елге қайтып оралуым екіталай, дейді Ұлан.
“Қытайдағы жағдайды бүкіл дүниежүзі біліп отыр. Ол жаққа барсаң, түрмеге қамауы мүмкін. Сол себепті, қателіктерін өздері түзеп, құжаттарымды реттеп, тездетіп жасап берсе дұрыс болатын еді”, – дейді Ескелді ауданының тұрғыны Ұлан Бекен.
Құжаттың жоқтығынан отбасын асырауы тиіс отағасы қазір жұмыссыз отыр. Ал 6 айдан соң, ыхтияр хаттың да мерзімі аяқталады. Оған дейін азаматтық ала алмаса Қытайға департациялануы мүмкін.