Қазақстанда әрбір бесінші жәбірленуші ғана полицияға шағымданады - халықаралық зерттеу

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, бұл зерттеу алдағы уақытта құқық қорғау органдарындағы түйткілді мәселелерді анықтап, жұмысын жақсартуға септігін тигізеді.

ҚР Бас прокуратурасының тапсырысымен «Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін бағалау және қоғамдық қауіпсіздік» тақырыбындағы халықаралық зерттеу жұмысының қортындысы жарияланды. Зерттеу жұмысын EUCJ халықаралық консорциумы жүргізген, деп хабарлайды zakon.kz.

Сауалнамаға барлығы 4000 адам қатысты. Оның жартысы Астана және Алматы қаласының тұрғындары болса, қалғаны өзге қалалар мен ауыл-аймақ тұрғындары. Зерттеуге сүйенсек, Қазақстанда әрбір бесінші жәбірленуші ғана полицияға шағымданады. Бұл дегеніміз Қазақстандағы қылмыс деңгейі ресми деректерге қарағанда бес есе жоғары екендігін көрсетеді,- дейді Алексей Трошев. Сонымен қатар, сауалнамадан өткен әрбір бесінші респондент түнгі көшеде жалғыз жүруден қорқатындығын мойындады. Алайда, қатысушылардың 60%-ы құқық қорғау органдарының жұмысына көңілі толатынын хабарлаған.

Баяндаманың тұсаукесеріне зерттеудің авторлары да қатысты. Атап айтқанда:

Ян Ван Дайк - виктимизация, қылмыспен күрес және қылмыс құрбандарымен жұмыс істеу бойынша халықаралық сарапшы-кеңесші (Нидерланды).
Джон ван Кестерен - криминализация және виктимизацияны саласындағы халықаралық зерттеулердің талдаушысы (Нидерланды).
Гавин Слейд - халықаралық сарапшы, қылмыстық сот төрелігі жүйесінің маманы, посткеңестік кеңістіктегі түрме реформасы бойынша зерттеуші (Ұлыбритания). Алекс Трошев - Ph.D, құқықтану саласындағы халықаралық сарапшы, доцент, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің профессоры (Ресей).

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, бұл зерттеу алдағы уақытта құқық қорғау органдарындағы түйткілді мәселелерді анықтап, жұмысын жақсартуға септігін тигізеді, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға көмектеседі.

Зерттеу жалпыға бірдей бекітілген әдіснама негізінде, сарапшылар мақұлдауымен, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілді. Шараны М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті EUCJ халықаралық консорциумымен бірлесе ұйымдастырды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: