Шымкент әкімі: Егер телефонмен айта алмасаң, онда мүлдем келме 

Шымкент әкімдігі барлық мәселені телефонмен шешу жүйесіне көшпек. Әрбір тұрғында өзінің ID картасы болады.

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әкімдікте сағаттап өтетін жиналысты барынша қысқартып, тапсырмалар мен мәселелер тек телефон арқылы берілу қажеттігін тапсырды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Шымкентте Елбасының халыққа арнаған Жолдауы жаңа форматта түсіндірілді. Әкімдікте өткен жиында бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Бірнеше басқарма басшысының есебін тыңдаған шаһар әкімі толықтай цифрландыру жүйесіне көшу керектігін, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың төте жолы екенін түсіндірді.

"Сыбайлас жемқорлықты жою, бюрократияны азайту, халық пен мемлекеттік қызметкерлер арасындағы түсініспеушілікті жою менің ойымша тек қана цифрландыру арқылы мүмкін" деген Ғабидолла Әбдірахымов бұл жүйеге көшу үшін әкімдік қаржы аямайтынын атап өтті. Енді қаланың әрбір тұрғынында ID карта болмақ. Ол арқылы кез келген мемлекеттік қызметті үйде отырып-ақ алуына мүмкіндік тумақ. Тіпті халықтың қоғамдық көлікте жүру, автотұрақ сынды қызметтерді қала қонақтарына қарағанда төмендетілген бағамен алуына септігін тигізбек. Әкімнің сөзінше, әкімдік бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың жағдайын жасауы шарт. Сонымен қатар әкім аппарат басшысына жиналыстар санын қысқартып, барлық мәселені телефонмен шешуді тапсырды.

"Аудан әкімдері мен басқарма басшыларын әкімдік ғимаратына шақырып, жиналыс өткізу дегенді азайту керек. Тапсырмалар барынша тек телефон арқылы берілсін. Себебі ол жемқорлықпен байланысты. Мәселен, мен тапсырманы телефонмен беруге мүмкіндігім бола тұра, неге басқарма басшысын немесе басқасын кабинетіме шақыруым қажет? Маған көп адамдар "қабылдауыңызға кірейін деп едік" деген мақсатпен хабарласады. "Неге?" десем, "Телефонмен айтатын нәрсе емес"деп жауап береді. Мен ондайларға "Егер телефонмен айта алмасаң, онда мүлдем келудің қажеті жоқ" деймін. Дұрыс па? Сондықтан мен телефон арқылы шешілмейтін мәселе заңсыз деп ойлаймын. Құзырлы органдағылар оны тыңдап қоймасын деп кабинетіне келеді, қағазға жазып, осыны жасап беріңізші дейді. Жетер енді, меніңше, бұған шектеу қою қажет", — деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: