21-ғасырда да өздерін әулие санап жүргендер бар қазақта. Бірі бақсылықтан құдырет көрсе, екіншісі құдайды танимын дейді. Бұл туралы stan.kz Еуразия бірінші арнасы жазған ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
«Еврейлер дүниеге “мащих” келеді деп жүр, арабтар “имам Мағди” келеді деп жүр, христиандар “анти христ” келеді деп жүр. Мүмкін сол адам “Мен” шығармын!» – дейді Абай Пішенбаев.
Өзге әлеммен тікелей байланысқа шығып жүрмін дейтін шымкенттік ер адамды біз өрісте қой бағып жүрген жерінен кездестірдік. Абай Пішенбаев кезінде жаратушымен сөйлесе алатынын айтып, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Оның сөзінше, “Тәңір” адамзат баласын ақыр заман мезгілі жақындап қалғанын ескертуді тапсырыпты.
«Мен пайғамбармын деп есептемеймін. Өйткені, Алла Тағаламның өзі айтты ғой маған сен пайғамбар емессің, сен менің хабаршымсың. Хабарлай бер жер бетіне қолыңнан келгеніңше. Мен қолымнан келгенімше хабарлай бергім келеді. Теледидар арқылы. Газет арқылы. Естіп қалсын, ертеңгі күні естімедім, көрмедім деген жұрт болмасын дегеннен кейін хабарласып жүрмін қолымнан келгенше» – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Абай Пішенбаев.
56 жастағы ер адам тылсым күштің әсерін бір емес бірнеше мәрте сезгенін айтады. Бірақ, оның бұл сөзіне әзірге илана қояр халық жоқ. Соған қарамастан ол өзінің әуелгі ұстанымынан айнымайтынын айтады.