2008 жылдың желтоқсан айының басы болатын. Әдеттегідей бұл уақытта бізде жедел кеңес өтетін, біз күнделікті жұмыстың нәтижесін қараймыз, жедел ізкесушінің әрбір күнін жоспарлаймыз, ашылмаған қылмыстарды бақылауға алып, талдаймыз. Сол күні шамамен сағат 9-45 шамасында кезекші бөлімнен Шымкент қаласындағы Қорғасын зауытының аумағында бір әйелді атып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына жедел шығып кеттік, сондай-ақ, аудандық бөлімнің жедел-тергеу тобы да келіп жетті. Оқиға орнында криминалистер жұмыс жасай бастады. Жәбірленуші егде жастағы әйел болып шықты. Бір көргеннен әйелдің зорлықпен өлтірілгені анық еді. Мәйітті сараптамаға жібердік. Нәтижесінде сот-медициналық сарапшылар жәбірленушінің атыс қаруынан алған жарақат салдарынан қайтыс болғанын анықтады. Сол күні ауланы тінту барысында қайтыс болған азаматшаның түр-тұлғасын анықтадық. Ол Шымкент қаласының 68-жастағы Урусова есімді зейнеткер екені белгілі болды. Ол шөппен емдеп, бал ашумен айналысып жүрген емші екен.
Жәбірленушінің көршілері мен таныстарын сұрастыру барысында барлығы кемпірдің ешкімге зияны тиюі мүмкін емес деп жатты. Барлығы одан көмек сұрап баратын. Әртүрлі нұсқалар болды. Солардың бірі келушілердің ішінде бірінің көңілі толмай, одан құтылмақшы болған деген нұсқа болды. Осы нұсқа кейіннен өз дәлелін тапты. Үлкен ауқымды жұмыстар жасалды. Көршілерден, көмекшілерінен, емделушілерден барлығынан түсініктеме алынды. Ешкім ешнарсе айта алмады. Барлығы да бірауыздан әйелдің дұшпаны жоқ деп айтты. Оқиға орын алған аумақты тінту барысында жеделізкесушілер гараждардың арасынан аңшы мылтығын тауып алады.
Баллистикалық сараптама нәтижесінде Урусованы дәл осы қарудан атқаны анықталды. Біз қылмыскерді табу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқардық. Сол кезде облыстық ІІД және Абай ПБ Криминалдық полицияның ең үздік қызметкерлері ат салысты. Біздің тобымыз бір жұдырық болып жұмылып жұмыс жасады, нәтижесінде біраз уақыт аралығында алдымен кісі өлтірушіні, кейін арадағы адамды анықтап, ұстадық. Арада біраз тәулік өткен соң, тапсырыс берушіге шықтық.
Руслан есімді кісі өлтірушіні ұстау үшін арнайы жедел операция өткіздік, бір шиеленісті шешу үшін оның көмегі қажет деп шақырып, ойын клубтарының бірінде ұстадық. Ал арада жүрген адамды тұрғылықты жерінен таптық. Ең қызығы, тапсырыс беруші оқиға орын алған кезде мемлекеттен тыс жерде, яғни Қытайда болған. Осылайша ол өзінің қылмысын жасыру мақсатында алиби қамтамасыз етпек болған. Арадағы адам ұсталған соң, ол тергеуге көмектесіп, тапсырыс берушіге хабарласып, істің орындалғанын айтады. Тапсырыс беруші Қытайдан келген уақытта, біздің жігіттер әуежайда оның қолына кісен салады.
Тергеу барысында тапсырыс беруші бизнеспен айналысқанын, осы тәуіпке жиі келіп тұратынын мойындады. Кейінгі уақытта оның айтқаны орындалмай жүрді. Бизнесі құрдымға кетті. Қиындықтың барлығы осы тәуіптен деп ойлап, ол әйелдің көзін жою керек деп шешті. 2009 жылдың басында емшінің өліміне тапсырыс берушіге 25 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Ал оның сыбайластары әртүрлі жазаға кесілді.
Дереккөзі: otyrar.kz