Облыстық кәсіпкерлер Палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысына арналған баспасөз-мәслихатында хабарлауынша, өңірде жыл басында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленген, Қызылорда облысы бойынша Zakon.kz тілшісі хабарлайды.
Оны іске асыруға барлық көздерден 32 млрд. теңге қаржы қарастырылған.
"Бүгінгі күні осы ауқымды жұмыстардың айтарлықтай нәтижесі бар. Өздеріңізге белгілі, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын бағалаудың үш көрсеткіш бар. Олар: жұмыс жасап тұрған субъектілер саны, жұмыспен қамту және өнім шығарылымы. Мысалға, қазіргі таңда облыста 41 393 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,1%-ға артып отыр. Республикалық өсімнен 2,4 есе жоғары. Осылайша, біздің өңір жылдың басынан бастап жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру бойынша республикада көшбасшы. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік саласында 86 842 адам жұмыс жасайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға немесе 1232 адамға артып отыр. Республика бойынша 4-орын. Жыл соңына дейін кемінде 90 мың адамға жеткізу жоспарлануда. Биылғы жылдың жарты жылында облыста шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 143 257 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға немесе 15 млрд.теңгеге артып отыр", деп атап өтті Ғ.Жақсылықов.
Облыста кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында үлгілі бизнес-жоспарлар, нақты алгоритмдер, әрбір 148 ауылдық округ, кент пен қалаға жауапты лауазымды тұлғалар (кураторлар) бекітілген.