Қызылорда облысында «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» жобасы енгізілуде

Қазіргі таңда облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 272 бейнебақылау камерасы орнатылған.

2018 жылдың 9 айында облыс көлемінде 5378 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, 2017 жылмен салыстырғанда 15%-ке төменден. Ауыр қылмыстардың саны 11% азайған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша аймақ еліміздің ең қауіпсіз үштік облыстарының қатарына енді. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша zakon.kz тілшісі хабарлайды.

Қазіргі таңда облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 272 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың көмегімен жыл басынан бері 13 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық, 10363 жолда жүру ережесін бұзу деректері анықталып, 50-ден аса қылмыстың беті ашылды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қосымша 1400 дана бейнебақылау камерасын орнату үшін адрестік бағдарлама бекітілді.

Сонымен қатар, халықаралық тәжірибені қолдана отырып, полиция, жедел жәрдем, өрт сөндіру, төтенше жағдай және коммуналдық қызметтерді біріктіріп, орталықтандырылған «112» кезекші қызметін құру жоспарлануда. Оның аясында облыс орталығында жедел басқару орталығы бейнекамераларымен бірге барлық мемлекеттік мекемелерде орналасқан бейнебақылау камераларын бір жүйелендіреді. Аталған пилоттық жоба Астана қаласы және Қызылорда облысында жүзеге асырылады.

Сандық технологияларды дамыту аясында «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» жобасы енгізіліп, қазіргі уақытта қылмыстық істер электрондық форматта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні жол-патрульдік полиция қызметкерлері “Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі” ақпараттық жүйесіне қосылған 29 планшетпен жарақтандырылған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыға толтырылатын хаттаманы қағазға түсіріп жатпайды, оны толтыру уақыты да бірнеше есе қысқарды. Алдағы уақытта тәртіп сақшыларына қосымша 117 осындай планшеттер беріледі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: