Алматыда көлік реформасы аясында жылжымалы составты жаңарту одан әрі жалғасуда. Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгін BRT желісіне жаңа бағыттар бойынша шығатын сыйымдылығы жоғары 18 метрлі автобустарды көрді. Бұл туралы zakon.kz, Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Жолаушылар ағынының артуына орай BRT желісінде №205 жаңа бағыт ашылды, мұндағы көлік Мұстафин – Рысқұлбеков – Сүлейменов – Жандосов – Тимирязев – Желтоқсан (кері бағытта Наурызбай батыр) - Төле би көшелерін, Шығыс айналма жолын және «Жетісу» базарын қамтиды.
Бұл бағыт бойынша қызмет көрсету үшін 30 жаңа көлік бірлігі ұйымдастырылған, қозғалыс интервалы 5 минут. Төмен еденді автобустардың сыйымдылығы 180 адамнан асады, көліктер кондиционерлермен, видеобақылау камераларымен, еңкейгіш кузовпен жабдықталған әрі экологиялық Евро-5 сыныбына сай. 18 метрлі автобустың төрт есігінің әрқайсысына «ОҢАЙ» терминалы орнатылған.
«Қала басшылығының қоғамдық көліктегі сервис сапасын арттыруға қатысты тапсырмасына орай қазірдің өзінде 600 жүргізуші біліктілік Орталығында кәсіби шеберліктерін жетілдіруде. ПДД және күйзелістің алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету, жолаушыларға мәдениетті қызмет көрсету бойынша тренингтер өтуде», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.
Қаланың Көлік холдингінің басшысы Садир Хамраевтың ақпараты бойынша өткен қазан айында «ОҢАЙ» картасы бойынша 1,9 млрд. теңгенің 31 миллионы транзакцияланған, бұл рекордтық көрсеткіш.
Айта кетерлігі, жыл аяғына дейін Алматыда қоғамдық көліктің үлесі 87 пайызға жететін болады. Өткен аптада қалаға тағы 200 жаңа автобус келді.