Жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарының Айман Тұрсынханға сілтеме жасап, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі кассалық алшақтыққа қатысты таратып жатқан ақпараты да, жинақтаушы зейнетақы жүйесінде алдағы 3-5 жылда қаражаттың таусылатыны туралы болжамдары да шындыққа жанаспайды деп пікір білдірді БЖЗҚ басшылығы деп хабарлайды zakon.kz.
Мысалы, Айман Тұрсынхан жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі түсімдер мен төлемдердің арақатынасы елеулі түрде төмендеп кеткендігі және бұл жағдай алдағы 3-5 жылда жинақтаушы зейнетақы жүйесінде ақшаның таусылуына әкеп соғатындығы туралы ақпаратты алға тартып отыр. Бұл ақпаратқа қатысты БЖЗҚ мына мағлұматты хабарлайды.
Жалпы әлемдік тәжірибеде зейнетақымен қамсыздандырудың нақты екі моделі қолданылады. Олар:
1) үлестіруші зейнетақы жүйесі;
2) жинақтаушы зейнетақы жүйесі.
Бұл жүйелердің әр түрлі сипатта толып жатқан үлгілері бар. Көптеген елдер оларды өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бейімдеп, өзара әр түрлі арақатынаста үйлестіре отырып, қолданады. Бірақ, қалай болғанда да зейнетақымен қамсыздандыру осы екі жүйеден тұрады. Екеуінде де жарна аудару – жұмыс істеуші бұқара халыққа жүктелген. Тек үлестіруші жүйеде жұмыс істеуші азаматтардың аударымдары қазіргі, яғни ағымдағы зейнеткерлерге зейнетақы төлеуге пайдаланылады. Ал жинақтаушы зейнетақы жүйесінде жұмыс істеуші азаматтардың аударымдары бүкіл еңбек жолы барысында олардың өз шоттарына жинақталады. Үлестіруші жүйеде түсімдер мен төлемдердің өзара арақатынасы үлкен маңызға ие. Өйткені оған демографиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар елеулі түрде әсер етеді.
Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жинақтаушы зейнетақы жүйесінде әрбір азамат зейнетақы төлемдерін өзінің бүкіл еңбек жолында жинаған зейнетақы жинақтары есебінен алады. Ал жинақтар зейнетақы жарналары есебінен қалыптасады. Сәйкесінше оның көлеміне жарналардың мөлшері, реттілігі және жиілігі тікелей әсер етеді. Ал түсімдер мен төлемдердің арасалмағы жеке тұлғаның алатын зейнетақысына ешқандай да әсер етпейді. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесінде түсімдер мен төлемдерді өзара салыстыру – әдістемелік тұрғыда қате болып саналады.
Егер Айман Тұрсынханның есептеулеріне зер салып қарайтын болсақ, бірқатар елеулі қателіктерді байқауға болады. Мысалы, ол бұған дейін төлемдер мен түсімдердің арақатынасы шамамен 1:10 болса, қазір шамамен 1:4 екендігін айтады. Айман Тұрсынханның пайымдауынша бұл көрсеткіш сөзсіз кассалық алшақтыққа әкеп соғады-мыс.
Біріншіден, сарапшы келтірген цифрларда түсім ретінде тек зейнетақы жарналарының жыл сайынғы сомалары ғана ескерілген. Ал таза инвестициялық табыс есепке алынбаған.
Екіншіден, «кассалық алшақтыққа» баға бергенде жинақталған қалдық ескерілмеген.
Төменде соңғы 4 жыл ішіндегі жарналар, таза инвестициялық табыстар, төлемдер бойынша цифрлар және 2000 жылдан бастап іріктеп алынған еселі мерзімдер келтірілген. Жылдар бойынша берілген түсімдер мен төлемдердің арақатынасы анықтамалық (арифметикалық) сипатта берілген, мағыналық сипатқа ие емес. Одан басқа, әрбір жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің қалдығы көрсетілген.
Ұсынылған цифрлардан көріп отырғанымыздай, түсімдер мен төлемдердің арақатынасы алушылардың санына, инвестициялық табысқа, түсімдердің көлеміне қарай жылдан жылға өзгеріп отырады. БЖЗҚ-ның актуарлық есептеулеріне сәйкес болжам бойынша алдағы онжылдықта төлемдер көлемі жылына 211 млрд теңгеден 478 млрд теңгеге дейін барады. Яғни, бұл жерде төлем көлемі триллиондаған теңгеге барады деген әңгіме жоқ. Кіріс бұрынғыша шығыстан жоғары болады.
Болжам бойынша 2019-2023 жылдар аралығында жарналардың жиынтық көлемі шамамен 5 трлн теңгені, ал төлемдер көлемі 1,3 трлн теңгені құрайтын болады. Соның нәтижесінде болжам бойынша жинақтардың жалпы сомасы 2023 жылдың соңына қарай инвестициялық табысты ескере отырып, шамамен 15,3 трлн теңгеге жетеді.
Бір сөзбен айтқанда, «Қорға кассалық алшақтық қауіпі төніп тұр» деген әңгіме қисынға келмейтін бос сөз.