ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Тараз қаласы полиция басқармасы №1 полиция бөлімінде азаматтарды қабылдау бөлмесі ашылды, – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру, қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігі айтылған болатын. Осы мақсатта бүгін Тараз қаласындағы №1 полиция бөлімшесінде алғашқы қабылдау бөлмесі ашылды. Жобалық құны-2,8 млн теңге.
– Бұл бірінші ашылып жатқан қабылдау бөлмесі. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында барлық ауданда қабылдау бөлмелері ашылады. Бұл жерден кез-келген Қазақстан азаматы қажетті мәліметтерді ала-алады және арыз-шағымын жаза алады. Халықтың тілегін ескере отырып біз, құқық қорғау жүйесін жетілдіру мен қылмыспен күресті күшейте аламыз. Біздің басты мақсатымыз – полицияға деген сенімді қалыптастыру, беделін көтеру, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.
ПД бастығы Арман Оразалиевтің сөзінше жаңа қабылдау бөлмесінде халыққа жағдай жасаудағы бірқатар талаптар ескерілген. Мәселен, бұл жерде қарулы күзет тұрмайды, кіре берісте құрсаулы терезелер жоқ. Ғимаратта азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдайтын арнайы бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ, бұл жерден тұрғындар арнайы төлемдер жүргізе алады. Кезекші полиция, көші-қон, әкімшілік полициясының қызметкерлерін де осы жерден табуға болады.