Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Бұл туралы zakon.kz, университеттің Баспасөз орталығының жетекшісі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлады.
Қыздар университетінің 75 жылдығы қарсаңындағы тағылымды іс Алматы қалалық әкімдігі мен оқу орнының бастамасымен ұйымдастырылды. Жиынға белгілі азаматтар мен ғалымдар, Н. Оңдасыновтың туыстары және білім ордасының ұжымы қатысты. Шараны университет ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, қазақтың біртуар азаматының қайраткерлік істеріне тоқталды.
– Тарихты тұлғалар жасайды. Қазақ тарихында болмысы биік, бітімі ерек азаматтар баршылық. Елінің болашағы, өскелең ұрпақтың ертеңі үшін аянбай қызмет атқарған сондай атпал азаматтың бірі де бірегейі – Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов. Нұртас Дәндібайұлы кеңестік идеология үстемдік құрып, коммунистік партия дәуірлеп тұрған заманда ұлттық кадрларды даярлауға елеулі үлес қосып, өзіндік мектебін қалыптастырды. Оңдасыновтың тікелей атсалысуымен бүгінгі Ұлттық Ғылым академиясының іргетасы қаланды. Нұртас Дәндібайұлының ұйытқы болуымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Дене шынықтыру училищесі сынды отандық жоғары мектептер ашылды. Бүгінде аталған білім ордалары – білікті маман даярлап қана қоймай, қазақстандық білім беру жүйесінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді, – дейді Г. Алдамбергенова.
Оқу орнының басшысы ұлтымыздың ардақты азаматын ұлықтау – өскелең ұрпақ тәрбиесінде алатын орны өлшеусіз үлкен екенін де атап өтті.
– Қазақта «Өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған – өскендіктің белгісі» деген қанатты сөз бар. Қыздар университетіндегі бүгінгі шара – соның нақты айғағы. Өскелең ұрпақ үшін тағылым боларлық игілікті іске бастама танытып, қолдау білдірген жандарға университет ұжымы атынан алғыс айтамыз, – деді Гаухар Төремұратқызы.
Сонымен қатар мемориалды тақтаның ашылу рәсімінде Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева мен белгілі ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлы сөз сөйлеп, Н. Оңдасыновтың қазақ халқының игілігі үшін атқарған ілкімді істері турасында кеңінен әңгімеледі.
Шара аясында сондай-ақ Нұртас Оңдасынов туралы «Биліктен биік тұлға» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтіп, кино туынды алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің мұрындық болуымен жарық көрген фильмде қайраткердің саналы ғұмырының жарқын сәттері мен шығармашылық еңбектері жайлы тың мәліметтер, замандастары мен зиялы қауым өкілдерінің естеліктері баяндалған.
Айта кетейік, Нұртас Оңдасынов Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының төрағасы, Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев облыстық партия комитетінің біріншісі хатшысы қызметтерін атқарған. «Арабша-қазақша», «Парсыша-қазақша» түсіндірме сөздіктерінің авторы. Екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.