Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында Түркияда талқыланды. Бұл туралы zakon.kz, Қыздар университетінің Баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Нийде Өмер Халисдемир университетінде ұйымдастырылған алқалы басқосуға аталған жоғары оқу орнының ұжымы, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Түркияда білім алып жатқан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен өзге де қазақстандық оқу орындарының магистранттары мен докторанттары қатысты.
Жиынды Нийде Өмер Халисдемир университетінің Қазіргі түркі тілдері және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Хикмет Қораш ашып, Қазақстан Президентінің салиқалы саясаты туралы, бағдарламалық мақаланың маңызы жайында әңгімеледі.
– Қазақ елі егемендік алған уақыттан бері қарқынды әрі жылдам дамып, бәсекеге қабілетті елдердің сапына қосылды. Мемлекеттің әлеуетін арттыруда Президент Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан зор. Сонымен қатар бүгінде Қазақстан туысқан халықтар ынтымақтастығының нығаюына басты ұйытқы болып келеді. Бұл орайда да оның ықпалы айтарлықтай. «Түркі әлемінің архитекторы» атанған Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркі дүниесінің генезисі туралы жақсы ойлар айтылған. Бұл бастама – туыстас мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық және рухани тамырластықты одан әрмен нығайта түсетіндігіне сенімдімін, – деді Хикмет Қораш.
Сондай-ақ басқосу барысында Нийде Өмер Халисдемир университетінің ғылыми қызметкері Тургай Дүйен, «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, докторант Қуаныш Жұмабек және Қыздар университетінің докторанты Нұргүл Қалиева сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өміршеңдігі жайында баяндады. Сонымен қатар жас ғалымдар бауырлас мемлекеттер ынтымақтастығының стратегиялық сипатына тоқталды.
– Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар өзара бірлікке, достық пен сенімге негізделген. Ортақ тарих пен бір мүдде һәм ортақ рухани құндылықтарға бағытталған әріптестігіміз қарқынды дамып, әсіресе білім беру мен ғылымды дамыту бойынша одан әрмен нығая түседі деп ойлаймыз. Себебі, түркі әлемін зерттеу, зерделеу – рухани бренд, – деп атап өтті олар.