"Халыққа біздің жылы сөзіміз керек емес" Сағынтаев әкімдерге тапсырма берді

Премьер-министрдің айтуынша, биылғы жылу беру маусымы технологиялық ақаусыз қалыпты өтіп жатыр.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның бірнеше өңірін қысып тұрған қатты аязға байланысты әкімдерге тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін үкімет отырысында жылу беру маусымының барысы қаралды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жылу беру маусымы елеулі технологиялық ақаусыз қалыпты өтіп жатқанын атап өтті.

"Бұл мәселе барлық өңірлер әкімдерінің жіті бақылауында болуы қажет. Кейбір өңірлерде, әсіресе, мына солтүстікте қатты аяз болып тұр. Алдағы мерекелік күндерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарға жылумен және энергиямен жабдықтау ұйымдарын қажетті көлемде отынмен, қажетті материалдармен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды, қосымша техникалық ресурстар тартуды, тиісті ұйымдар мен бригадалардың тәулік бойғы кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырамын", — деді Сағынтаев.

Ол әкімдерге жауапкершілікті ұмытпау керектігін ескертті.

"Бұл күндерде халыққа біздің айтқан жылы сөзіміз емес, нақты ісіміз, үйінің жылулығы керек",- деді премьер.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдегендей, электр станцияларының отын қоймаларында 4 миллион тонна көмір және 112 мың тонна мазут бар. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы қазандықтарда көмір қоры 978, 8 мың тоннаны, ал мазут 115,2 мың тоннаны құрайды.

"Жылулық болмай, қар кетпес" демекші, тұрғындар Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алуы үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз. Біздің азаматтар үкіметтің ерекше жылулылығын сезінеді деп ойлаймын. Солай болуына тілектеспін", — деді министр өз баяндамасында.

Үкімет басшысы да Бозымбаевтың бұл тілегіне қосылды.

"Ләйім солай болғай!",- деді Сағынтаев.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: