Қазақстандық белгілі заңгер Абзал Құспан қазақтың қаракөздерінің өзге ұлттың жетегінде кетіп жатқанына алаңдаушылық танытатынын ашып айтты. Ол шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздары үшін қалың мал талап етуді ұсынды.
Бұл туралы Taza el.kz басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Өз сөзінде Абазл Құспан көршілес Түркімен мемлекетін мысалға келтірді.
«Мына көрші жатқан түркімендер қыздарын өзге ұлт өкілдеріне, яғни шетелдіктерге тек қалың малын төлеген соң ғана береді. Біраз зерттеп көрдім. Әрине, олар заңды түрде «қалыңмал» деп айтпайды. Бірақ қыз бала балабақшада тәрбие алды, мектепте, жоғарғы оқу орнында тегін білім алды, тегін медициналық көмек алды, тағы басқадай деп қосып есептейді. Соның өзі ондаған мың долларға шығады екен. Дұрыс», – дейді заңгер.
Сонымен қатар ол еліміздің ертеңі болатын ұрпақты дүниеге әкелетін бойжеткендеріміздің шетелдіктердің қолынан ұстап кетіп жатқанын айтты. Өз кезегінде заңгер бұл жайтқа алаңдаушылық танытты.
«Ұлттың келешегін ойлау қаперлеріне кірмейді. Осы мәселені айналадағыларға айтсаң, «Өзге ұлттың көңіліне келер. Оқыс жағдай туып кетер. Қазір заман басқа, қыз кімді көңілі қаласа, сонымен бірге болғаны жөн ғой», – деген жалтақ уәж айтады. Бұл – қазақтың болашағына бейжай, самарқау қарау деген сөз. Мұның бәрін біз айтпасақ, кім айтады? Қазақ үшін ойланатын да, толғанатын да мәселе көп», – дейді Құспан.