Ақтауда өз анасы мен енесін өлтіріп алған ер адам мен әйеліне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы "ИнАктау" басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Оқиға 2018 жылдың маусым айында орын алған. Мәйітхана қызметкерлері пәтерден көрпеге оралған әйелдің мүрдесі әкелінгеннен кейін кейуананың денесіндегі жарақаттарды көріп, қайран қалған. Олар бірден құқық қорғау органдарына хабарласыпты. Артынша полицейлер марқұмның ұлы мен келінін тұтқындады.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, егде жастағы мүгедек әйел туған ұлы мен келінінен соққы жеп келген. Сот барысында айыпталушылар кейуананы ұрып-соқпағандарын, оның ішінен «жын шығармақ» болғанын айтыпты. Олардың сөзінше, кейуананың ішіне жын кіріп кеткен. Егде жастағы әйел көптеген жарақат пен сынықтың салдарынан үйінде қиналып қайтыс болған.
Ал оқиға орнына келген дәрігерлер мен полицейлер өлім жағдайын тіркеу үшін "биологиялық өлім туралы" анықтама жазып беріпті. Артынша мүрдесін мәйітханаға жеткізген. Мұнан кейін ерлі-зайыпты атологоанатомиялық бөлімге хабарласып, туысын жерлеуге ниетті емес екенін айтқан. Өз кезегінде мәйітханадағылар мәйіттің сойылмайтынын және жуылмайтынын мәлімдепті. "Иесіз" мүрделер мемлекеттіңесебінен жерленеді. Оларға қосымша ақылы процедуралар жасалмайды.
Десе де мәйітхана қызметкерлері ережеге қарамастан кейуананы ақтық сапарға тиісінше шығарып салуды жөн көріп, мәйітті жуу үшін көрпені ашады. Осы кезде олар әйелдің денесінен көптеген жарақат пен көгерген орындарды көріп, оның өз өлімімен өлгеніне күмән келтіріпті.
Сот оқиғаның мән-жайын ескеріп, ерлі-зайыптыны ҚР ҚК 106-бабы 3-тармағына (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 119-бабы 3-тармағына (Адамды қауіпті жағдайда қалдырып, өліміне әкелу) сәйкес кінәлі деп таныды.
Ерлі-зайыптының 3 баласы бар. Олардың екеуі кәмелет жасқа толмаған. Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, олар балалар үйіне жіберіледі.