Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 50-ден астам Тәжікстан және Өзбекстан азаматын құтқарды. Олар мінген автобус қатты аяз салдарынан бұзылып, жолда қалып қойған, деп хабарлады sputniknews.kz.
Түркістан облысынан Ресейдің Екатеринбург қаласына бара жатқан "Van hool" автобусы Петропавл қаласына кірер жолда тоқтауға мәжбүр болыпты. 54 Тәжікстан және Өзбекстан азаматы тым жеңіл киінген болса керек. Шетелдіктердің қатты аязда тоңып қалуы мүмкін еді, бірақ тоқтап тұрған автобусты патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аға сержанттар Саят Дүйсенбин мен Ерлан Тайланов байқайды.
"Полицейлер жүргізушіге техникалық қызмет көрсету станциясының шеберін табуға, қосалқы бөлшектер дүкенін аралауға көмектесті. Жолаушыларға үй жалданып, олар көлік жөнделгенше сонда күтіп отырды. Үш автопатруль күндіз-түні автобустың қасында күзетіп тұрды. Келесі күні көлік жөнделіп, жолаушылар сапарын жалғастырды", — деп мәлімет берді полиция.
Аяз күндері 15 жолаушы мінген "Scania" автобусы да жолда бұзылып қалыпты. 15 адамның сегізі кәмелеттік жасқа толмаған балалар екен.
"Бұл хабарды естіген Аққайың және Тайынша аудандарының автопатрульдері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, автобус иесіне хабар беріп, балаларды Тайынша аудан орталығына алып барды. Тайынша ауданы әкімдігінің көмегімен жолаушыларды жергілікті қонақүйге орналастырып, автобус жөнделген соң, жолға шығарып салды", — деп атап өтті ведомство баспасөз қызметі.