Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстандағы 100 жаңа есім" жобасына қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елбасы кездесуде жобаның екінші кезеңіне қатысушылардың жетістіктерімен танысты.
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігін нығайту жолында жастарымыздың әлеуетін пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.
– Бәріңіз де – тәуелсіздіктің перзентісіздер. Біз – бабаларымыздың арманын жүзеге асырған ұрпақпыз. Енді сіздердің уақыттарыңыз келді. Мұны ұмытпауға тиіссіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына тоқталып, жастар үшін ашылған мүмкіндіктер туралы әңгімеледі.
Қазақстан Президенті еліміздің білім және ғылым саласының даму қарқынын сақтаудың әрі оны еселей түсудің маңыздылығы туралы айтты.
– Жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, биоинженерия, нанотехнология – осы инновацияның бәрі бізді алға жетелейді. Сондықтан біз стартап жобалары үшін ЭКСПО павильондарының бірінде жаңа зертханалар аштық, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы жобаға қатысушылардың жетістіктеріне тоқталып, жастардың тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өсуі үшін өз мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.
– Бәрі де адам мен оның ерік-жігеріне байланысты. Біз армандай білуге және көздеген мақсатымызға жету үшін әрекет етуге тиіспіз. Бұл байқауға қатысушылар – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сіздер өз еңбектеріңіздің нәтижелері арқылы бұл өмірде бәріне де қол жеткізуге болатынын көрсеттіңіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бас қаламыз – Астананың салыну тарихы жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Елорда – бұл, ең алдымен, адамдар. Мұнда озық медициналық кластер құрылып, керемет опера театры мен бірегей спорт кешендері бой көтерді. Астананың даму деңгейі мен тұрғындарының тұрмыс сапасы артып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дәйекті дамыту ісіндегі белсенді жастардың рөлін атап өтті.
– Сіздердің әрқайсыңыз Қазақстанның болашағына үлес қосып келесіздер. Келешегіміз білімді, өзіне сенімді, бірнеше тілді меңгерген азаматтардың қолында. Оған сіздердің мүмкіндіктеріңіз жетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы дамыту және өсімнің жаңа көздерін ашу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
– Егер біз пайдалы қазбаларға үміт артатын болсақ, онда қаражатсыз қаламыз. Сондықтан, экономиканы өзгеше қалыптастыруға мүмкіндік беретін индустрияландыру процесін іске асыруды бастадық. Алты жыл ішінде 1200 зауыт пен фабрика салдық. Бұл жұмысты жалғастыра береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын дамытудың, ғылымның әлеуеті мен технологиялық прогрестің жетістіктерін пайдаланудың маңызды екеніне назар аударды.
– Барлық нәрсенің негізі еңбекте. Еңбектің арқасында жеткен жетістік адамды бақытты етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жобаға қатысушылардың бәріне ризашылық білдіріп, Қазақстан жастарын елімізді одан әрі дамыту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.