ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы аясында және Елбасының Жарлығымен облыс орталығына айналған Түркістан қаласын қайта түлету, түркі мәдениетін жан-жақты дәріптеу үшін Түркістан облысы әкімдігі және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң ұйымдастыруымен "Түркістан – түркі әлемінің бесігі" атты Халықарлық конференциясы өтті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мұндағы мақсат – Түркі тілдес әлемнің рухани астанасы – Түркістан қаласы тарихының, фольклорының, мәдениетінің халықарлық өркениеттегі маңыздылығын айқындау, тәжірибе алмасу және пікірлермен бөлісу.
Конференция "Түркістан – түркі әлемінің бесігі" бейнебаянын тамашалаумен басталды. Шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов, Мармара университетінің докторы, профессор Женгиз Томар, Халықаралық Түрік Академиясының ғылым бөлімінің аға сарапшысы, профессор Қадыралы Қонқобаев, Өзбекстан Ғылымдар Академиясының профессоры Сарыгүл Бахадырова, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң Ясауитану ғылыми зерттеру орталығы директоры Досай Кенжетаев сынды ғалымдар қатысты.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы қасиетті Түркістанның әлемдік тарихтағы орнын зерттеуді мақсат тұтқан халықаралық конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы аясында қолға алынған конференция Түркістан облысының рухани-ғылыми саласын жаңа сатыға көтереді деген сенімін білдірді.
"Түркістан қаласының түркі әлеміндегі орнын ғылыми тұрғыдан таразылайтын бұл конференцияның маңызы зор. Түркі халықтары үшін Түркістан қаласының тарихтағы орны әрқашан да қастерлі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында "Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деп атап өтті. Бауырлас елдердің ортақ тарихында Түркістан киелі мекен, Қожа Ахмет Ясауи түркі халқының ұстазы ретінде дәріптелген. Ясауи жатқан жер "бақыттың астанасы" ретінде танылған", – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Ғылыми конференцияға келген халықаралық Түркология академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы мен Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елінің профессор ғалымдар "Ұлы даланың жеті қыры: түркі мәдениетін дамытудың өзектілігі", "Қасиетті Түркістан және діни сакралды құндылықтар", "Ежелгі массагеттер: Томирис және қарақалпақ халық эпосы "Қырық қыз", "Қ.А.Ясауидың мәдени мұрасы", "Ясауи, "пир-Түркістан" түрік елінің ұстазы", "Әзірет Сұлтан" тарихи-мәдени қорық-мұражайы туралы" сынды баяндамалар жасалды.
Конференция шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен пленарлық мәжіліс және секциялық отырыстармен жалғасты. Секция бірнеше бағыттар бойынша өтуде. Атап айтсақ, Қ.А.Ясауидің әлемдік мәдениеттегі орны мен тағылымы, Түркістан – түркі дүниесінің киелі мекені, рухани темірқазығы, Түркістан – Ұлы жібек жолы бойындағы ірі қолөнер мен музыка орталығы, Түркістан-түркі әлемінің генезисі тақырыптары бойынша жалғасты.