Алатаудың "Кім Асар" шатқалында бейтаныс ер адам ресейлік екі туристтің соңынан қуалап, пышағын жалаңдатып, қоқан-лоққы көрсеткен деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, Алатаудың баурайында турист қыздарға қырғидай тиіскен бұзақыны қорықшылар күні-түні аяқтан тік тұрып іздеген. Бірақ, әзірге нәтиже болмай тұр.
Ал азғыннан жәбір көре жаздаған қыздар Мария Седова мен Марина Нахимова Ресейден Фурманов шыңын бағындыруға арнайы келген. Бірақ, "Кім асар" шатқалында жеткен бойда нағыз шытырман оқиғаға тап болған.
- Марияға жүгіріп келіп "құйрығыңа пышақ тығып аламын" деді. Тіпті атып тастаймын деп сес көрсетті, - дейді ресейлік турист Марина Нахимова.
Бейтаныс еркек бірінші қыздарды әңгімеге тартқан екен. Олардың жалғыз жүргеніне көз жеткізген соң оғаш қылық таныта бастаған. Атап айтқанда, іздерінен қалмай жүріп, ақыр соңында қуалап, пышақпен қорқытқанға ұқсайды. Абырой болғанда, орта жолда басқа туристер кезігіп, әлгі азғын орманға сүңгіп жоқ болыпты.
Болған оқиғаны желіге жазған турист қыздар Қазақстанға енді аттап баспайтындарын да айтқан. Азғынның қолына түсе жаздаған жалғыз бұлар емес екен. Күдікті сол күні тауда серуендеп жүрген тағы екі әйелге тиісіп, анайы ұсыныс жасаған көрінеді.
Тауда әйел аңдыған маньякты қорықшылар әзірге қолға түсіре алмай жүр. Орманды қорықшылар торыса, ал тау етегін полиция жіті бақылауға алған. Ал Алатаудың атына кір келтірген азғынның қыздар түсіріп алған суреті барлық бөлімшелерге таратылған.