Ғалымдар ешкі сүтінің өнімділігін арттыратын әдіс ойлап тапты

ҚазАТУ ғалымдары арнайы технология дайындады. Олар арпа, сұлы және асбұршақ тұқымдастарын қосып егіп жатыр.

Қазақ Агротехникалық университетінің ғалымдары ешкілерге арналған мал азығының жаңа технологиясын әзірлеуде, деп хабарлайды "Хабар 24".

Ақмола облысындағы асылтұқымды шаруашылықтармен бірге қолға алынған жоба ешкі сүтінің өнімділігін арттыруға бағытталған. Ешкілер күніне 3,5 килограмға дейін шөп жейді. Мұндай қажеттілікті қамту үшін ҚазАТУ ғалымдары арнайы технология дайындады. Олар арпа, сұлы және асбұршақ тұқымдастарын қосып егіп жатыр.

Асылтұқымды шаруашылыққа шетелден әкелінген зааниндік тұқымдас ешкілер бастапқыда күніне 5-6 литр сүт берген. Ал "мал азығының арнайы технологиясының көмегімен өнімділік артып, қазір ешкілерден 8-9 литрге дейін сүт алынады", – дейді зерттеушілер.

– Арнайы рационды құрастырдық. Оның ішінде жоңышқа бар. Қазіргі кезде жоңышқаның жаңа сорттарын бүркеп сеуіп, оның үстіне арпа дақылын сеуіп жатырмыз. Мал азығын дайындауды жоңышқадан бастап жатырмыз. Қазір оны шауып, ешкілерге беріп жатыр, - дейді С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ аға оқытушысы Әділбек Ноғаев.

Ғалымдар Ақмола облысың аумағында топырағы құнарлы жерді таңдап, түрлі тұқымды дақылдарды өсіруде. Олардың айтуынша, биыл көктем салқын болғандықтан, шаруашылықты сапалы мал азығымен қамту өте өзекті мәселе болып отыр. Ал жаңа алқаптардан ғалымдар 800 тоннаға дейін пішен жинауды жоспарлауда.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: