Зейнетақы жинағын алдын-ала жарату мүмкіндігіне қатысты Есеп комитетінің басшысы пікір білдірді

Оның айтуынша, бұл шара бюджетке еш әсер етпейді.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Президенттің зейнетақы жинағының бір бөлігін қазақстандықтар баспана немесе ақылы білім алу мәселесін шешу үшін пайдалануға беру туралы ұсынысы мен тапсырмасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

- Бұл елдің ой-елегінде жүрген мәселе, ол жайында бүгін Президенттің аузынан сөз шыққаны, әрине өте жақсы нышан. Бұған қатысты талдау нәтижелері алдағы күндері жарияланып, көпшілікке жетеді деп ойлаймын. Бастысы, Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді, енді соның нәтижесін күтеміз деп ойлаймын, - деді Наталья Годунова.

Оның айтуынша, бұл шара бюджетке еш әсер етпейді.

- Бұл болашақ зейнеткерлер ретінде біздің болашақ зейнетақымызға әсер ететін болады. Бұл арада зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана немесе оқу ақысына жұмсау мүмкіндігі туралы сөз болды. Осы мәселені пысықтау туралы нұсқау берілді. Меніңше, біз сол талдау нәтижелерін күтуіміз керек, содан кейін әрі қарай талқылау жүргізуге болады, - деді ол.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке қазақстандықтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты жұмсау мәселесін пысықтауды тапсырған еді.

- Қазіргі жағдайда жұмыс істейтін адам зейнетақы жинағын тек зейнеткерлікке шыққаннан кейін ғана пайдалана алады. Әрине, кейбір адамдардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін қолданғысы келетіндігін белгілі бір деңгейде түсінуге болады. Сондықтан мен Үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін, мысалы, үй сатып алу немесе оқу ақысын төлеу үшін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын, - деді Президент ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: