Жамбылда "Мектепке жол" акциясы аясында бүгінге дейін 29 927 балаға 435 миллион 224 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетілді.
Бұл ағымдағы жылдың 1 шілде мен 16 қыркүйек аралығындағы көрсеткіш. Облыс әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан дәстүрлі жалпы республикалық акциясы жыл бойы жалғаспақ.
"Мектепке жол" қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөнінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыс әкімдігі тарапынан бекітілді. Акция аясында өңірдегі түрлі себептермен оқумен қамтылмай отырмай отырған мектеп жасындағы балаларды анықтау мақсатында 1 шілде – 16 қыркүйек аралығында 1276 рейдтік іс-шара жүргізілді. Оған білім беру және балалардың құқығын қорғау ұйымдары, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, халықты әлеуметтік қорғау саласының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпараттық құралдары мен ата-аналардың өкілдерінен құралған барлығы 1905 тұлға қатысты",-дейді білім басқармасының бас маманы Гауһар Байтелиева.
Бас маманның айтуынша акция аясында жергілікті бюджет есебінен 368 миллион 588 мың теңгеге 23777 балаға киім-кешек, мектепке керек құрал-жабдықтар алып берілген. Дәл осындай көмек түрлері демеушілер есебінен 66 миллион 635 мың теңгеге 6157 балаға көрсетілген. Көмекпен қамтылғандардың дені көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан және жетім балалар. Бүгінгі таңда облыстағы көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың саны - 28230. Айта кетейік, өткен жылы өңірде "Мектепке жол" акциясы барысында 32106 балаға 324 миллион 752 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілген болатын.
- Бүгінгі күні өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жалғастырылуда. Білім басқармасында жыл бойы азаматтардың өтініштері бойынша жедел шара қолдану мақсатында байланыс телефондары қызмет етеді. Ондай байланыс телефондары барлық білім бөлімдерінде де қызмет етеді,- дейді Гауһар Байтелиева.