Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын қалай қалыптастырады?

Жұмыс істейтін халықтың 76 пайызы зейнетақы жүйесінің белсенді салымшысы болып отыр.

Қазақстанда 10,4 млн азаматтың жинақтаушы зейнетақы жүйесінде жеке зейнетақы шоты бар. Ал зейнетақы жарналарын тұрақты аударып отырған салымшылардың зейнетақы жинақтарының орташа сомасы ерлерде – 5,1 млн теңге, әйелдерде – 3,9 млн теңге, деп хабарлайды Zakon.kz.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың 1 қаңтарында салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 10,4 млн-ға жетті. Олардың ішіндегі 9,8 млн шот – міндетті зейнетақы жарналары. 479,5 мың шот – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және 47 803 шот – ерікті зейнетақы жарналары есебінен ашылған.

Зейнет жасына толғандар, қайтыс болған немесе шетелге тұрақты тұруға кеткендерді есепке алмағанда, міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылған шоттардың ішінде 8 млн 730 мың шот қазіргі салымшыларға, яғни тұрақты жұмыс істейтін, жарна төлеуге мүмкіндігі бар азаматтарға тиесілі. Бұл көрсеткіш еліміздегі жұмыспен қамтылған халық санымен (2019 жылдың 1 қаңтарына қарай – 8 млн 695 мың адам) сәйкес келеді. Бұған қарап, елімізде жұмыспен қамтылған азаматтардың барлығы дерлік жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылған деуге болады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша жылына кемінде бір жарна болса да аударған белсенді салымшылардың саны – 6 млн 407 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғаюда. Мысалы, 2017 жылы бұл көрсеткіш 5 млн 914 мың адамды құраған болатын.

Елдегі жұмысқа қабілетті, яғни әлеуетті салымшылардың 76 пайызы – белсенді салымшы болып отыр: 3 млн шотқа жылына 12 жарнадан, 5 млн шотқа жылына 6 жарнадан 12 жарнаға дейін түскен. 2018 жылы бір салымшының шотына орта есеппен – 8-9 жарнадан түскен. Салыстыра кетсек, Малайзияда белсенді салымшылардың үлесі шамамен 47 пайызды құрайды.

Елімізде салымшылардың көпшілігі зейнетақы жинақтарын енді-енді қалыптастырып жатыр. Салымшылардың 50 пайыздан астамының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді түрде қатысу өтілі 5 жылға жетпейді. Ал салымшылардың 75 пайыздан астамының жүйеге қатысу өтілі 10 жылға жетпейтінін айта кеткен жөн.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылғалы бері міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып келген салымшылардың зейнетақы жинақтарының орташа сомасы ерлерде – 5,1 млн теңге, әйелдерде – 3,9 млн теңге болды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: