2020 жылы Нұр-Сұлтанда түркі әлемі елдерінің жастары арасында ақындар мүшәйрасы өтеді

Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам дарынды жастар қатысып келеді.

Бүгін ел астанасындағы "Оқушылар сарайында" жас ақындарға арналған "Біз жастарға сенеміз" атты мүшәйраның марапаттау рәсімі өтті. Келесі жылы бұл бәйге Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орайластырылып, Түркі әлемі елдерінің жастары арасында өтетін болады, деп хабарлайды Zakon.kz елордалық əкімдігіне сілтеме жасап.

Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам дарынды жастар қатысып келеді.

Салтанатты іс-шараға Мемлекет сыйлығының иегері, Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ақын Несіпбек Айтұлы, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мәдениет қайраткерлері және өнер жұлдыздары қатысты.

- Бүгінгі мүшәйра Елбасы жариялаған Жастар жылы мен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өтіп отыр. Еліміздің әр өңірінен түрлі туындылар келіп түсті. Әділқазылар алқасы мұндай сында үздік шыққан дарындарды таңдап отыр. Жастардың алдына еркін тақырып қойылды. Әр ақын өзінің ойында, жүрегінде жүрген шығармаларын ұсынды. Мұндай іс-шараның басты мақсаты – жастарды қолдау, олардың бойындағы елге, Отанға деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін арттыру. Осы жоба қолға алынған үш жылдың ішінде мыңнан аса жас ақын өз туындыларын шығарып отыр, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.

Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы аталған байқау келесі жылы тек республикалық деңгейде емес, халықаралық деңгейде өтетінін хабарлады. Атап айтқанда, байқауға түркі мемлекеттерінің жас ақындары қатысатын болады.

Сонымен "Біз жастарға сенеміз" бәйгесінің қорытындысы бойынша Алматы өңірінің жас дарыны Нұрбол Мұратбек І орын алса, ІІ орын Ернар Мақсұтов пен Сәния Жүрсіноваға бұйырды. Ұйымдастырушылар оларға ақшалай сертификат табыс етті. Үздік үштікті Амангелді Ақжігіт, Дулатбек Кенжебек және Нұрдәулет Өмірбек түйіндеді. Ұйымдастырушылар тарапы "Үздік ақын" номинациясын тағайындап, дарын иелерін марапаттады. Мұндай сыйлыққа Оразай Жеңісұлы, Айзада Рақымжанова, Жамал Жүрсінбек және Жауынбай Жылқыбайұлы ие болды.

- Мүшәйраға республикамыздың өңірлерінен 140-қа тарта ақын қатысты. Оның ішінде 10 ақынға жүлде берілді, ал бас-аяғы 30 ақын үздік атанып, жеке кітабын шығардық. Тақырып ретінде Мағжан Жұмабайұлының "Мен жастарға сенемін" сөзін алып, бүгінгінің тұрғысынан "Біз жастарға сенеміз" деген ат қойып, айдар тақтық. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өтіп жатқан бұл жарыстың мәні өте зор. Біз жаңа жас таланттарды ашумен қатар еліміздің бүгінгі таңдағы жүргізіп отырған саясатын, халқымыздың болашағын жырлауды жастардың алдына тақырып етіп қойдық. Олардың туындыларынан жаңа бір леп, жаңа заман тынысы, болашаққа деген сенім байқалды. Жүлде алған жастардың бәрі 16-29 жас аралығында, – дейді ақындар жарысына қазылық еткен топтың жетекшісі Несіпбек Айтұлы.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: