АҚШ-тың ұйғыр мәселесіне байланысты 28 компанияға салған санкциясына қатысты Қытай наразылық білдірді. Бейжің мұны елдің ішкі істеріне араласу деп санайды, деді Қытай СІМ өкілі Гэн Шуан арнайы баспасөз мәслихатында, деп хабарлады РИА Новости.
Бұған дейін АҚШ-тың Сауда министрлігі ұйғыр халқының "құқығын бұзғаны" үшін Қытайдың 28 компаниясын қара тізімге қосатынын жариялаған. Санкция бұл компаниялардың сауда-саттық лицензиясына қосымша шектеу ретінде әсер етпек.
"АҚШ енгізген шектеу шаралары халықаралық қатынастардың негізгі нормаларын бұзады, бұл -Қытайдың ішкі ісіне араласу және Қытайдың мүдделеріне зиян келтіру, біз мұны айыптап, америкалық тарапқа наразылығымызды ашық білдіреміз", - деді дипломат.
Оның айтуынша, Шыңжаң мәселесі тек Қытайдың ішкі ісі және оған ешкімнің араласуға құқығы жоқ.
Қытай АҚШ-тан өзінің бұл қате әрекетін түзеуге, осыған қатысты тиісті шараларды тезірек қабылдауға шақырады және Қытайдың ішкі істеріне араласуды тоқтатса дейді.
Жаңа санкциялар Вашингтонда 10 қазанға жоспарланған АҚШ-Қытай сауда-саттық келіссөздері алдында жарияланды. Екі елдің өкілдері зияткерлік құқықтар, тарифтік емес кедергілер мен ауылшаруашылық салаларына назар аударады.
Америка тарапынан келіссөздерге АҚШ-тың сауда өкілі Роберт Лайтхайзер және Қаржы министрі Стивен Мнучин қатысады, ал Қытай делегациясын ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің вице-премьері Лю Хе басқарады.