Жаңаөзен қаласында "Кәсіп түбі-нәсіп" жобасы шеңберінде "Баста" форумы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Форум тізгіні "Атамекен" ҰКП Басқарушы директоры- жаппай кәсіпкерлік және микро қаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиевта болды. Оған облысқа белгілі кәсіпкерлер Жалғас Дәулетов, Нұржан Еділов, Айгүл Ілиясова қатысып, қала кәсіпкерлеріне, студенттер мен жоғары сынып оқушыларына өз жетістіктерінің құпиясымен бөлісті.
"...Жетістікке жету жолы оңай емес. Біз өз қателігімізден сабақ алып, үйренген кәсіпкерлерміз. Біздің кезде қазіргідей бизнес тренерлер де болған жоқ. Бизнес бастау үшін көп қаражат, үлкен аумақты орын, көп тауар қажет деп ойласаңыз, қателесесіз. Біз де 500 шаршы метр сауда алаңымен бастап, оны 10 есе кішірейтіп, сатушыларды үшеуге дейін азайтып, шығынды үнемдедік. Бизнес үшін тез сатылатын аз тауар болса жеткілікті. Бизнесте маңыздысы - уақыт ұту. Тауар көп уақытты, ақшаны ұстап тұрмауы керек. 60-70 млн теңге жұмсайтын үлкен дүкендерден гөрі 6-7 млн теңге жұмсайтын кішігірім сауда орны тиімді. Өтпейтін тауарды тізімнен шығарып, сұранысқа ие затпен толықтырып отыру сияқты қарапайым инструменттерді қолдану керек. Тауардың сыртқы әленуі мен жарнама жасау аса маңызды,- деді "Domino" дүкендер желісінің негізін қалаушы Жалғас Дәулетов.
Кездесу ашық форматта, сұрақ-жауап алмасу арқылы өтті.
"Baby bedding" брендінің иесі Айгүл Ілиясова Мәскеуден бітірген жоғары білім мамандығын қойып, кәсіп ашқанын тілге тиек етті. Оған уақыттың өзі себепші болған. Аяғы ауыр және кішкентай екі баласы бар келіншекке жұмысқа тұру оңай болмаған.
"Сосын бұрыннан бойында бар тігіншілік қабілетімді пайдаланып сәбилерге арнап киімдер, көрпелер тігіп сата бастадым. Оны әлеуметтік желілерге шығарып, бренд деңгейіне көтердім. Нақты мақсат пен тапжылмас талап болса, кез-келген кәсіптен пайда табуға болады", - дейді ол.
"Кәсіпкер боламын деген азаматтар болса, нарыққа бейімделіп, қорықпай кәсіп бастауға шақырамын",- деді форумда Жаңаөзен қалалық әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов