Алматы облысында түнде көшеде жүрген 290 жасөспірім анықталды

15 пен 17 жас аралығындағы 3 талдықорғандық бозбаланың 4 көлікті айдап әкетуге және өзгенің құнды заттарын ұрлаудың 13 дерегіне қатысы бары дәлелденді.

Алматы облысының аумағында үш күнге созылған "Жасөспірім" жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, олардың алдын алуға бағытталған іс-шара барысында 430 астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін тәртіп сақшылары Алматы облысында үш жасөспірімнің көліктерді заңсыз айдап әкетуге және бөтеннің мүлкін қолды қылудың бірқатар дерегіне қатысы барын дәлелдеген.

"15 пен 17 жас аралығындағы 3 талдықорғандық бозбаланың 4 көлікті айдап әкетуге және өзгенің құнды заттарын ұрлаудың 13 дерегіне қатысы бары дәлелденді. Полицияның ұсынымы бойынша сот органдары кәмелеттік жасқа толмаған 3 баланы Шығыс Қазақстан облысындағы ерекше режимде ұстайтын мектепке орналастыру туралы шешім қабылдады", - деп атап өтті облыстық ПД өкілдері.

Осындай қылмыстарды болдырмау мақсатында ұйымдастырылған арнайы іс-шара барысында тәртіп сақшылары түнгі мезгілде үйінен тыс жүрген 290 жасөспірімді анықтады. Кәмілетке толмаған 13 баланың түнгі мезгілде заңды өкілі болмаса да, ойын-сауық орындарында жүргені белгілі болды.

"Жедел алдын алу іс-шарасы барысында ұйымдастырылған рейдтер кезінде үш күн ішінде облыстағы ойын-сауық орталықтары тексеріліп, жасөспірімдердің заңсыз жүруіне жол берген 5 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қараусыз жүрген 10 жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізіліп, оның 8-і уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды", - деп толықтырды облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: