Қазақстандық делегацияның Вашингтонға сапары барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссияның саяси, экономикалық және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комитеттерінің отырыстары өтті, деп хабарлады zakon.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия жұмысына тең төрағалар ретінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев және Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі бірінші орынбасары Элис Уэллс қатысты.
Қазақстандық делегация құрамына ішкі істер, ұлттық экономика, сауда және интеграция, ақпараттық және әлеуметтік даму, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және әділет министрліктерінің өкілдері кірді.
Комиссия отырысының негізгі мақсаты 2019 жылы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық серіктестіктің болашағын анықтау болды. Іс-шараның күн тәртібі жаһандық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, лаңкестік пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл, Сирия мен Ирактағы соғыс аймақтарынан Қазақстан азаматтарының репатриациясы және реинтеграциясы сияқты көптеген тақырыптарды қамтыды.
Киберқауіпсіздік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, Орталық Азиядағы аймақтық сауда қатынастарын нығайту, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл, гуманитарлық өлшем мен адам құқықтары саласындағы ынтымақтастық та қарастырылады.Комиссияға қатысушылар Қазақстан экономикасын әртараптандыру жолында іскерлік серіктестікті одан әрі тереңдетудің, атап айтқанда өнеркәсіптік өндіріс, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау және қаржы салаларында маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты сауда, оның ішінде жалпы преференциялар жүйесі аясында кеңейту мәселелері талқыланды.
Тараптар екіжақты ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысын жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанда ДСҰ министрлік кездесуіне дайындық кезінде ынтымақтастық орнату туралы, сондай-ақ Қазақстанның ЭЫДҰ-ға кіруі туралы келісімге қол жеткізілді. Гуманитарлық өлшемдер жөніндегі комитеттің отырысында білім беру және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты құру, БАҚ-ты дамыту және қазақстандық үкіметтік емес секторды қолдау жолдары қарастырылды. Американдық тарап Қазақстанның осы бағыттардағы күш-жігерін жоғары бағалады.