Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауылында түйе шаруашылығымен айналысып отырған Өтенияз Шамбилов деген кәсіпкер бар. Ол 2014 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан "Игілік" бағдарламасы арқылы 4,5 жылға 3 млн теңге несие рәсімдеген. Оған 4 түйе және жем-шөп сатып алып, жұмысын бастаған. 2018 жылы тағы 4 млн теңге несие алып, түйе басын арттырады. Содан бері "Несібелі" атты қожалыққа айналған шаруашылықта қазір 40 бас түйе бар.
- Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры болмағанда мен шаруашылық иесі болмас едім. Мал бағу, оны өсіру, өнімдерін пайдалану ата кәсібіміз. 2014-жылдан бері Қордан несие алып, әуелі шағын кәсіп аштық. Ол жұмысымыздың ауқымы кеңейіп, бүгінгі таңда шаруа қожалығына айналдық, - дейді қожалық басшысы Өтенияз Шамбилов.
Шаруашылықта екі адам жұмыспен қамтылған. Түйе етінің бір килограмын 1 600 теңгеден, шұбаттың литрін 700 теңгеден саудалайды. Былтыр сұранысқа сай түйе жүнінің әр килограмын 500 теңгеден өткізген. Бүгінде сауып отырған түйелерінен тәулігіне 50 литрге жуық сүт алады. 2019 жылы Қордан тағы 3 млн теңге несие рәсімдеп, шаруашылыққа қажет "ГАЗель" автокөлігін сатып алды.
- Жалпы "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-жылы Маңғыстау облысы бойынша 246 адамға 1 млрд теңгеден астам несие берілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласына 563 640 000 теңге бөлініп, кәсібін дамытқысы келген 145 адам несие алды. Қор жыл сайын қаржы көлемін арттырып отыр. Сондықтан, болашақта аймақта ауыл шаруашылығының даму көрсеткіші көтерілмесе төмендемейді, - дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ МОФ директоры Мұрат Баймағанбетов.
Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауылдықтарды қолдауға база назар аударылуда.