Қазақстанда кәсіпкерлер үш жылға салықтан босатылды

Табысқа салынатын салықтардан босату 1,2 млн микро және шағын кәсіпкерлік субъектісіне қолданылады.

Өткен жылдың соңғы күндерінде Мемлекет басшысы микро және шағын бизнесті табыс салығынан үш жылға босататын заңға қол қойды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджет, салық заңнамасын және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңы арқылы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін бірқатар отандық салық төлеушілерді салық төлеуден босатылды.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, бұл шағын және орта бизнес өкілдерінің салық жүктемесін жеңілдету үшін жасалуда.

Заңнамаға сәйкес микро бизнес - бұл 15 адамға дейінгі жұмысшысы бар және жылдық табысы 30 мың АЕК (79 млн. теңге) дейінгі жеке кәсіпкерлер, шағын бизнес – бұл 100 адамға дейінгі жұмысшысы және 300 мың АЕК (795 млн.теңге) жылдық табысы бар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар.

Табысқа салынатын салық – заңды тұлғалар үшін корпоративтік табыс салығы, жеке кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығы, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін бірыңғай жер салығы, сондай-ақ оңайлатылған декларация негізінде АСР қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін әлеуметтік салық болып табылады.

Барлық қалған салықтар мен төлемдер міндеттемелер туындаған кезде төленеді.

Бұл ретте, салық төлеуден босату арнайы салық режімдерін (АСР) қолданатын шағын және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады.

Сонымен қатар, мыналарды орындайтын салық төлеушілер салықтан босатылмайды:

1) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті;

2) акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада сатуды;

3) астық қабылдау пункттерінде астықты сақтау бойынша қызметті;

4) лотерея өткізуді;

5) ойын бизнесі саласындағы қызметті;

6) радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызметті;

7) банктік қызметті (не банк операцияларының жекелеген түрлері) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);

8) аудиторлық қызметті;

9) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті;

10) кредиттік бюролардың қызметін;

11) күзет қызметін;

12) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызметті;

13) жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметті, оның ішінде алтын іздеушілердің қызметін;

14) пайдалы қазбаларды сатуды, оның ішінде трейдерлер қызметін, көмір, мұнай сату бойынша қызметті;

15) бензиннің, дизель отыны мен мазуттың мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бөлшек саудада сатуды;

16) сыртқы экономикалық қызметті.

Табысқа салынатын салықтардан босату 1,2 млн микро және шағын кәсіпкерлік субъектісіне қолданылады. Бұл бизнеске үш жыл ішінде 380 млрд. теңгеден астам қаражат үнемдеуге, босаған қаражатты өз қызметін дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: