ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық аясында еліміздің "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен "ҚазАгро" ұлттық басқару холдингінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс бабындағы кездесуге Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Ә.Бектаев, сенаторлар Б.Еламанов, М.Жұмағазиев, Д.Мусин, А.Нұралиев, М.Тағымов, Ә.Құртаев, Б.Жұмағұлов, Н.Төреғалиев қатысты.
"Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов кіріспе сөзінде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік үш бағдарламасы аясында субсидиялауға шамамен екі триллион теңге жұмсалғанын, дегенмен саланың көрсеткіштері өспегенін әрі әлемдегі межелерден айтарлықтай артта қалғанына жиналғандардың назарын аударды.
Мырзахметовтың деректерінде, біздің еліміз өңделген өнім бойынша импортқа көбірек тәуелді болып отыр, өйткені тиімділігі төмен және одан әрі өңделетін шикізат ретінде пайдаланылатын тірі мал экспорттың негізгі бөлігін құрайды. "Атамекен" ҰКП басшысы бұл жағдай мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне теріс ықпал етеді, деп санайды. Оның айтуынша, реформалардағы ұдайы өзгерістер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көңіл-күйіне айтарлықтай әсер етеді.
"Соңғы 5 жылда субсидиялау ережелері 47 рет өзгерді. Бұл тұрақты сипатқа ие болды. Ұдайы өзгерістер енгізіледі, фермер жұмысты қалай жоспарлауды түсініп үлгермейді. Құжаттарды дайындауды бастағанда жарты жылдан кейін келесі түзетулер енгізіледі", - деді ол.
Абылай Мырзахметов мемлекеттік органдар арасында үйлесімнің жоқтығын да атап өтті: "Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті ауыл шаруашылығы жерлерінің балансын ұстаушы болып табылатынына қарамастан, барлық актілерді берумен жергілікті атқарушы органдар айналысады, ал өткен жылы химанализді беру Азаматтарға арналған үкіметке берілді. Бұл базаны тәртіпке келтіру керек".
"Атамекен" ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы, агрофирма директоры Иван Сауэр мал шаруашылығын дамытуды не тежеп отырғаны туралы айтып берді. Ол маңызды мәселелердің бірі ретінде ветеринариялық қамтамасыз ету жүйесінің әлсіздігі, деп санайды. Ветеринариядағы көптеген реформалар елдегі ветеринариялық ахуалды бақылауды әлсіретті, ол жануарлардың қауіпті ауруларының өршу жағдайлары жиілеп кетуінен байқалып отыр.
Есеп-қисапқа қосып жазу – жеке мәселе болып отыр. И.Сауэр ет өндірудегі көрсеткіштерді көпе-көрінеу асыра көрсетіп, бұрмалайтындарды мемлекет жазалауы тиіс екенін айтты. Оның ойынша, ет өндірісін дамыту мәселесінде "әр қиырдан ангус етін іздеуді қойып, отандық тұқымды дамыту керек", әсіресе аймақтық ерекшеліктерге жақсы бейімделген қазақтың ақ бас сиырын өсіруді қолға алған жөн.
И.Сауэр ауыл шаруашылығына арналған егістікті суару жұмыстарын мемлекеттік қолдау тақырыбын да қозғады:
"Маған жерді міндетті түрде суару керек, мен оны іске асырғым келеді. Ештеңе тарту етудің қажеті жоқ. Бүкіл әлемдегі сияқты 2-3%-ға несие беріңіздер, сонда мемлекет 60-70%-ды үнемдейтін болады. Ақыр соңында біз адамдарды пара беретін схемада өмір сүруге емес, ақша табуға үйретуіміз керек", - деді Иван Сауэр.
Кездесуге қатысушылар өз сөздерінде ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсету сервисі туралы мәселені көтерді. Мысал ретінде басқа елдердің сервис орталықтарының жұмысы атап өтілді, оларда норматив бойынша ең күрделі жөндеу жұмыстарына 3 сағат, ал Қазақстанда - 12 күннен 3 айға дейін уақыт кетеді. Агроөнеркәсіп кешені бірлестіктерінің өкілдері осыған байланысты ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету жөніндегі компаниялардың жұмыс шарттарын қайта қарауды ұсынды.
Сенат төрағасы жауап сөзінде бұл мәселеде мемлекеттік қолдау қажет екенін атап өтті:
"Сервисдің қымбаттығы өз кезегінде өнімнің өзіндік құнына әсер ететін болады. Оған жол беруге болмайды. Машина-трактор станцияларын дамытуды ынталандыру қажет. Қазір бұл орын бос тұр", - деді ол.
Кездесуде сөз алған "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев қатысушыларды компанияның қаржылық жағдайымен және холдингтің 2020-2029 жылдарға арналған даму стратегиясын таныстырды.
Сенат депутаттары өз кезегінде таяудағы өңірлердегі сайлаушылармен кездесулері туралы айтты. Олардың айтуынша, аграршылар несиелеу мөлшелемесінің жоғары екенін, шағын шаруа қожалықтарына қол жетімді техниканың жоқтығын жиі көтереді. Қолданыстағы заңнамаға пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қоюды оңайлататын өзгерістер енгізу – талқылаудың жеке тақырыбы болады.
Дариға Назарбаева талқылауды қорытындылай келіп, агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасын қайта қарау керектігіне тоқталды. Өйткені, салада өндірістің құлдырауы мен саланың тұралауы байқалып отыр, қолда бар ресурстар әрқашан тиімді пайдаланылмайды, көптеген шешімдердің экономикалық негізделгені көрінбейді.
"Егер қазір барлық өңдеуші кәсіпорындар қуатының 45% ғана пайдаланылып отырған болса, оның үстіне 776-сін жасауды несиелеудің не керегі бар?", - деді ол "ҚазАгро" басшысына.
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева шараның қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне кездесуге қатысушылар қозғаған проблемалық мәселелерді зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.